14.03.2026, 22:21
Оқылды: 5

Бәйтерек ауданында ақын Бауыржан Халиолланың әдеби-сазды кеші өтті

Бәйтерек ауданы орталығындағы «Шың» театрында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», ақын Бауыржан Халиолланың «Ағымнан ақтарылсам...» атты әдеби-сазды кеші өтті.

image-14-03-26-09-55-9

Онда көпшілік назарына ақынның өмірі мен өнер жолына арналған бейнебаян ұсынылып, жүрекке жетер жырлары оқылды. Сондай-ақ ақын сөзіне жазылған әндер шырқалып, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Бейнебаянда көрсетілгендей, Бауыржан Ергенұлы 1979 жылы Сырым ауданының Қособа топырағында дүниеге келген. Оралдағы С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернатты бітірген соң әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетіне түсті. 2001 жылы, 22 жасында «Жұмбақ қыздың жанары» атты алғашқы жыр жинағы жарық көрді. Кейіннен бұл жинақтар «Нәзік бұлт көшіп барады», «Жұлдыз жауған жарық түн», «Жан тебіреніс», «Жүрегімдегі жазулар» болып толыға түсті.

image-14-03-26-09-55-5
Текті жердің перзенті болу — бақыт, ал сол тектілікті жырмен өру — перзенттік парыз. Бүгінде Бауыржан Халиолланың қаламынан туған әрбір туынды халықтың рухани қазынасына айналып, ел арасына кең тарап үлгерді. Кеш барысында облыстық филармония әншілері ақынның туған жерге деген шексіз махаббатының гимніне айналған «Жымпиты жыры» әнін шырқап, кештің айбынын асырды.

image-14-03-26-09-55-1
Сахна төрінде белгілі әншілер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәлі ақынның сөзі мен әніне жазылған «Нұрсәулем» және «Жүрек сөзі» шығармаларын әуелетті. Тарас Жауынбаевтың орындауындағы «Шерлі шағала» туындысы да әсерлі шықты. Бұл сәтті күйсандықта Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаскелең Ғайсағалиев сүйемелдеп, тыңдарманды терең ойға батырды. Сондай-ақ, «Досыма» және «Түнгі элегия» әндерін Әділ Ахметов нәзік иіріммен жеткізсе, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырхановтың орындауындағы «Тұсау кесер» мен «Қособа» әндері кештің көркін қыздырды. Сонымен қоса Дина Давлетьярова күйсандықта, ал Надежда Нүрпейісова виолончельде шебер ойнап, ақын әлемінің музыкалық бояуын қанықтыра түсті.

image-14-03-26-09-55-3
Кеш иесі іс-шара соңында Бәйтерек ауданының халқына деген ерекше ілтипатын білдірді. Әсіресе, аудандағы жаңа театрдың ашылуы мен өнерге деген құрметін жоғары бағалады.
–Құрметті Бәуке және өзіңізбен бірге келген өнер майталмандары! Баршаңызды Бәйтерек ауданына қош келдіңіздер деймін. Қазақта «Жақсымен өткен жарты сағат жаманның бүкіл ғұмырына татиды» деген сөз бар. Бүгінгі кеште екі сағатқа жуық уақыттың ішінде жүректі жылытатын әсем ән мен терең мағыналы өлеңдерді тыңдап, ерекше әсер алдық. Театрдың өзіндік аурасы бар, сол тамаша көңіл күйге бүгін сіздер бізді бөлеп отырсыздар. Бауыржанның шығармашылығын көптен бері жақсы білемін. Ол – ел тағдырына қатысты мәселелерде үнсіз қалмай, әрдайым өз ойын ашық айтып жүретін азамат. Сондықтан да сізді біз тек Батыс Қазақстанның ғана емес, бүкіл елге танымал ақын ретінде қадірлейміз. Сізге көрсетіліп жатқан құрмет – қазақ өнері мен әдебиетіне көрсетілген құрмет деп білемін. Осы кешке арнайы келіп, өнерлеріңізді ортаға салғандарыңыз үшін аудан жқртшылығы атынан алғыс айтамын,-деген аудан әкімі Марат Тоқжанов ықылас гүлін табыстады.

Гүлжаз Баделова
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале