6.01.2025, 19:00
Оқылды: 27

Бәйтерек ауданында АШӨК құру жақсы жүруде

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Бәйтерек ауданына қарасты Макаров ауылдық округіндегі «Аманат-22», Көшімдегі «Колесово» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде қолға алынған істер облыс көлеміне үлгі ретінде таратылатын болады.

IMG-20250106-WA0054

Бұл туралы жұмыс сапарымен Макаров ауылдық округінде болған кезде облыс әкімі Нариман Төреғалиев мәлімдеді. Өңір басшысы мұнда «Аманат-22» АШӨК-тің, соның ішінде жақында ашылған құс фабрикасының жұмысымен танысу мақсатында атбасын бұрған болатын. Облыс әкімімен бірге сенатор жерлесіміз Арман Өтеғұлов, Тасқала, Теректі, Бөрлі, Ақжайық аудандарының басшылары да арнайы келді.

IMG-20250106-WA0055
Бірінші кезекте Бәйтеректің аграрлық сала бойынша даму көрсеткіштерін аудан әкімінің орынбасары Лауаз Уәлиев таныстырды. Одан кейін Макаров пен Көшім ауылдық округтарының әкімдері Ауған Алмурзин мен Еркін Әбілкәкімов «Ауыл аманаты» бағдарламасының жергілікті жерлерде орындалуы туралы баяндады.
«Аманат-22» АШӨК-тің негін қалаушы Арман Ғабдоловтың сөзіне қарағанда, бұл кооператив 2022 жылы құрылған, бүгінде құрамында 96 адам бар. Мүшелікке кірген 7 шаруа қожалығынан бөлек, сүт шаруашылығымен 65, бау-бақша егумен 15, құс шаруашылығымен 9 аула айналысады. Былтыр кооперативке бағдарлама шеңберінде 26,4 млн. теңгеге несие беріліп, осы қаражатқа трактор, тіркеме, шөп тайлағыш, соқа тиегіш секілді техниалар (КУН) алынды. Соның арқасында өткен жылы 1000 орам шөп шабылып, кооператив мүшелеріне 6000 теңгеден сатылды. Қазіргі таңда кооператив иелігінде 103 бас сүтті бағыттағы ірі қара малы бар ауылдық округ тұрғындары сүтті Оралдағы «Жастық» ЖШС-на әр литрін 210 теңгеден тапсырып отыр. Одан бөлек кооператив мүшелеріне сүт тапсырғаны үшін бір литріне 20 теңгеден субсидия беріледі. Міне, осындай қолдауды көргеннен кейін ауыл тұрғындары кооперативке көптеп кіре бастады.

IMG-20250106-WA0056
Алғашында сенімсіздік танытқан ауыл тұрғындарының бірі – Анна Быкова. Макаров ауылының тумасы болып табылатын ол үйінде алты сиыр ұстайды, ішінде асыл тұқымдылары да бар. Сол асыл тұқымдылар жазда жиырма литрге дейін сүт береді. Бұрын кооперативке кіргенде дейін субсидияның ақшасы қосылмайтын. Былтыр жыл соңында жартыжылдық демеуқаржы деп 300 мың теңгедей ақша алған. 500 мың теңге жақсын алғандар ауылдастары да бар. Бұл макаровтықтар үшін жаңажылдық тосынсый болғаны рас. Таяуда құс фабрикасы ашылып, енді осында жұмысқа кіріп жатыр. Жалпы ауылда осындай кооператив жұмыс істеп жатқанына қуанышты.

IMG-20250106-WA0058
Кооператив мүшелері былтыр 132 га жерге көкөніс (қырыққабат, қызынақ, асқабақ, сәбіз) егіп, жақсы өнім жинады. Жинаған өнімнің 89 тоннасы көкөніс қоймасына тапсырып, тұрақтандыру қоры бағбандарға қаражатын төледі. Өткен жылы бақша салған тұрғынның бірі – Пана Бердікен. Ол былтыр кооперативке мүше болып кіріп, бір гектар жер алып, сонда қырық қабат еккен. Кооперативтің арқасында алынған өнімді өткізу қиынға соқпаған. Бақша салуға, аумағын қоршауға, мотор, тамшылыатып суару құрылғыларын алуға кеткен 1,5 млн. теңге шығынды алынған 20 тонна өнім толығымен жабуға мүмкіндік берді. «Былтыр ісімізді алғаш бастағаннан кейін пайда таппадық. Ең бастысы тәжірибе жинадық,-деді Пана Бердікен.-Осы жұмыс барысында мемлекеттің көмегін, кооперативтің қолдауын сезіндік. Ауыл тұрғындарын қолдау алдағы уақытта да жалғасса дейміз». Өңір басшысы бұл бағытта қолдаулар биыл да жалғасын табатынын жеткізді.
-Макаров ауылдық округінде 27 адам 130 гектар жерге көкөніс өнімдерін тамшылатып суару әдісімен егіп отыр. Аудан әкімі көмектесіп, оларға орталықтандырылған насос станциясын қойды. Міне, осындай әдіс өзге де аудан-ауылдарда қолға алынса, ауылдың дамуына мүмкіндік берері анық,-деді облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов.
«Аманат-22» АШӨК өткен жылдың соңында құс фабрикасын салып, соған орай 52,7 млн. теңгеге лизингтік қаражатқа қолжеткізген. Оған тауыққа арналған тор, автоматты тамақтандыру және суару жүйесін, микроклимат қалыптастырғыш, жұмыртқа жинау конвейері, қоқысты автоматты түрде жою жүйесін, ұнтақтағыш пен араластырғыш, жемге арналған бункер, жем тиегіш, жұмыртқа жинау үстелін сатып алған. Қуаттылығы 10 мың тауыққа арналған құс фабрикасында қазір 9,4 мың құс бар. Олардан жылына 900 мың дана жұмыртқа алу көзделген. Қазір өндірілген жұмыртқа негізінен ауылға, қалғаны Оралға шығарылуда. Бір дана жұмыртқа санатына байланысты 46 теңгеден бастап сатылуда. Орал құс фабрикасы қамқоршылығына алған мұндай шағын фабрикаларды өңіріміздің өзге де аудандарында ашу көзделіп отыр.

IMG-20250106-WA0059
-Бәйтерек ауданында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін ұйымдастыру жақсы жүруде. Облыс орталығымен іргелес жатқан төрт-бес аудан басшыларын осында әкелудегі мақсат - бәйтеректік әріптестерінің істерін көріп, өздерінде соны жүзеге асыруға түркі жасау. АШӨК құрылса, ауылдағы шаруашылықтар ірілененіп, ауылдың әлеуеті артып, тұрғындардың тұрмысы жақсарып, жаңа жұмыс орындары құрылатын Макаров ауылы соған дәлел болып отыр,-деді сапар соңында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Нариман Төреғалиұлы.

Сәкен Мұратұлы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале