Шектеулі Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай Бәйтерек ауданында бірқатар іс-шаралар өтті.

Аудан орталығындағы Жеңіс саябағында өткен митингте қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етілді. Онда Переметный ауылдық округінің әкімі Алексей Герасимов, Бәйтерек және Тасқала аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығының орынбасары, лейтенант Станислав Мұсақұлов және ауған соғысы ардагерлері атынан Андрей Коверин сөз алып, атаулы күннің маңыздылығына тоқталды. Содан соң қатысушылар Ауған соғысы құрбандарына арналған монументке гүл шоқтарын қойды.

Аудандық орталықтандырылған кітапханада ұйымдастырылған «Ұмытылмас естелік» атты кездесу кешінде ауған соғысы жайлы бейнеролик көрсетілді.

Кешті аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр ашқан соң ауған соғысы ардагерлері өткен күндер жайында өз естеліктерімен бөлісті.

Кеш барысында жергілікті өнерпаздардың орындауында ауғандық әндер шырқалды.


Сәнім Берік
Бәйтерек ауданы