5.03.2026, 16:30
Оқылды: 10

Бәйтерек ауданында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер бойынша кеңес өтті

Бәйтерек ауданы, Переметныйда ауыл шаруашылығы саласында енгізіліп жатқан өзгерістер мен жаңашылдықтарды кеңінен түсіндіру және мемлекеттік қолдау шараларының тетіктерін нақтылауға бағытталған аудан әкімі жанындағы кеңестің отырысы өтті.

image-05-03-26-11-39-3

Оған агроөнеркәсіптік бағытындағы облыстық құрылымдардың өкілдері, бірқатар бөлім басшылары мен шаруа қожалық иелері қатысты. Келелі басқосу барысында саладағы өзекті мәселелер, субсидиялау тетіктері мен қаржыландыру мүмкіндіктері талқыланып, шаруалар өзекті сауалдарын жолдады. Ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласы бойынша көрмені тамашалаудан басталған жиын  ұсыныс-пікір сипатында өрбіді.

image-05-03-26-11-39-1

Кеңесті ашқан аудан әкімі Марат Тоқжанов мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда Бәйтеректің облыс көлемінде алдыңғы қатарда тұрғанын, бірқатар бағыттарда республика деңгейінде де көш бастап келе жатқанын атап өтті.

Кеңесте баяндама жасаған аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Есбол Абдулов Бәйтеректегі агроөнеркәсіп кешенінің қазіргі ахуалы мен даму қарқынына жан-жақты тоқталды.

- Биыл егіс көлемін 267,1 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Егіншілік құрылымында дәнді және майлы дақылдарға, мал азығына басымдық берілген. Суармалы жерлер көлемі де кезең-кезеңімен ұлғаюда. Қазіргі таңда 6 мың гектардан астам жер суармалы алқап ретінде пайдаланылуда. Бірқатар шаруашылықтар жаңа жаңбырлатып суару жүйелерін енгізуге құжат тапсыруда. Биыл бұл бағытта 1800 гектар жерді игеру жоспарланған. Тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілдерінің кеңінен қолданылуы өнімділікті арттырды. Агросаладағы инновациялық шешімдер де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Заманауи тракторларға орнатылған 100-ден астам GPS-навигация жүйесі, дрондар, асыл тұқымды малға арналған трекерлер, электр шопандар мен күн батареялары – цифрландыру мен технологиялық жаңғырудың нақты көрінісі, - деді Есбол Тілекқабылұлы.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті БҚО аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Ерғалиев Бәйтерек ауданында өсімдіктерді қорғау және карантин саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды жіктеді. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті БҚО аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Тілек Мұқатов ветеринариялық салада атқарылып жатқан жұмыстар мен енгізілген жаңашылдықтармен таныстырса, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Сейітқазиев аграрлық саладағы стратегиялық міндеттерге тоқталды. Ал БҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Нұрқайыр Құсайынов биылғы ветеринариялық іс-шаралар жоспарын баяндады.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының директоры Марат Сарсеевтің айтуынша, өткен жыл қорытындысы бойынша Бәйтерек ауданына 6 млрд 613 млн теңге көлемінде қаржы бағытталып, 167 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі қамтылған. Қаржыландырудың басым бөлігі «Кең дала» бағдарламасы аясында несиелік серіктестіктер арқылы жүргізілген. Ол «Кең дала», «Кең дала-2»,  «Агробизнес» бағдарламаларының шартары туралы түсіндірді.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ БҚО бойынша бөлімшесі басшысының орынбасары Қуаныш Ешімовтің мәліметінше, олардың негізгі міндеті – ауыл шаруашылығы құрылымдарын техникамен қамтамасыз ету. Былтыр Бәйтерек ауданына 3 млрд 77 млн теңгеге 304 техника жеткізіліп, қаржыландырылған.

image-05-03-26-11-39 (1)

«Ақжайық» ӘКК» АҚ басшысының орынбасары Қазбек Ұзықановтың  «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен  агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру жайын әңгімеледі.

Жиынды түйіндеген аудан әкімі ауыл экономикасының бүгінгі ахуалына тоқталып, нақты есепке негізделген ойын айтты.

- Адам күнделікті өмірінде тұтынатын 65 түрлі азық-түлік өнімі аудан бойынша негізінен сырттан тасымалданатыны анықталды. Яғни, тұрғындар күнделікті тұтынатын өнімдердің басым бөлігі өзге өңірлерден әкелінеді. Соның салдарынан ауылдамыздағы қаржы қайта айналымға түспей, Орал қаласына, одан әрі еліміздің басқа аймақтары мен өзге мемлекеттерге кетіп жатыр. Бәйтеректе құс етінен бастап, көкөніс пен мал өніміне дейін өндіруге толық мүмкіндік бар. Бұрын кеңестік кезеңде қаражат елді мекен ішінде айналымда болып, ауыл экономикасы өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған. Ал қазір керісінше – тұрғындар жаппай қалаға барып сауда жасайды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін іске қосылған тетік – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бұл жоба ауыл тұрғындарына табыс табуға, кооперативтер құруға және өндірісті жолға қоюға мүмкіндік береді. Бағдарламаның басты мақсаты – қаражатты ауыл ішінде ұстап, халықтың табысын арттыру. Түсіндіру жұмыстары нәтижесінде 2023 жылдан бастап бағдарлама қарқын ала бастаған. Бүгінде бірнеше бағыттағы кооперативтер бірігіп жұмыс істеп отыр. Олар – шөп шабу, көкөніс өсіру, құс шаруашылығы. Техника лизингке алынған соң, ол жыл он екі ай пайдаланылуы тиіс деген талап қойылған. Жазда егіншілікке қызмет етсе, қыста ауыл ішіндегі қар тазалау жұмыстарына жұмылдырылуда. Осылайша, техника бос тұрмайды, табыс көзіне айналады. Өнім өткізу мәселесінде де қолдау бар. Облыс әкімдігі меморандум аясында ірі ҚПО б.в. компаниясымен келісім жасап, жергілікті өнімді тұрақты сатып алу жүйесін қалыптастырған. Нәтижесінде, өндірушілер өткізу нарығын іздеп сабылмайды, басты міндет – сапалы өнім өндіру, - деді Марат Лұқпанұлы.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале