Бәйтерек ауданындағы білім ұяларының техникалық паркі жаңаруда. Таяуда Орал қаласында ауданның мектеп оқушыларына арналған бес автобустың кілті табысталды.
Аудандық білім бөлімінің бас маманы Сәуле Мұқанованың айтуынша, бұл көліктер Көшім, Махамбет, Жамбыл (Мичурин ауылдық округі), Б.Момышұлы (Щапов) мен Қ.Аманжолов атындағы (Переметный) мектептерге берілді.
- Мектебімізде 438 оқушы болса, соның 21-і тасымалдауды қажет етеді. Олар - округ орталығынан 12,5 шақырымда орналасқан Горбунов ауылының балалары. Бүгінге дейін оқушыларды 2007 жылы шыққан «Газель» автокөлігі күніне бес рет тасымалдап келді. Жаңа, кең, ыңғайлы, заманауи автобустың мектебімізге бұйырғанына біз де, оқушылар да, ата-аналар да қуануда, - дейді Махамбет орта мектебінің директоры Алтынбек Өтебалиев.
21 орындық жаңа автобустар қауіпсіздік белбеуімен, мектеп рюкзактарына арналған сөре және есігі ашық кезде қозғалысты тежейтін механизммен жабдықталған. Бір сөзбен айтқанда, оқушыларды күнделікті сабаққа тасу үшін өте ыңғайлы, барлық жағдай жасалған.
Нұрсәуле Әбілпейісова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz