Жуырда Бәйтерек ауданы орталығында волейболдан қыздар арасында облыстық чемпионат өтті. Жарыста 2008-2013 жылдар аралығында дүниеге келген жасөспірімдер бақ сынады.
Сайысқа Сырым, Тасқала, Теректі, Жаңақала, Казталов, Шыңғырлау, Бөрлі, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласындағы «Батыс», «Жалын», «Құрманғазы», «Грация» волейбол клубтары және облыстық олимпиада резервтерін дайындайтын спорт мектебінің тәрбиеленушілері қатысты.
Үш жас ерекшелігіне сәйкес ұйымдастырылған сайыс нәтижесінде 2008-2009 жылдары туған қыздардан олимпиада резервтерін дайындайтын спорт мектебінің, 2010-2011 жылдары дүниеге келген жасөспірімдерден «Грация» командасы, 2012-2013 жылдардағы қыздардан бөрлілік жас спортшылар үздік атанды.
Өкінішке орай, жарыста бәйтеректік бұрымдыларға жүлде бұйырмады. Бәйтерек аудандық БЖСМ-ның жаттықтырушысы Жігер Сатқановтың сөзінше, биыл қыздар арасындағы волейбол жарысының шарты өзгеруіне байланысты кейбір волейболшыларымыз қатыса алмаған. Сол себепті жерлестерімізде жақсы ойын өрнегі шыққан жоқ.
- Бұл чемпионат жылына төрт мәрте өтеді. Келесі сайыс наурыз айында Теректі ауданында ұйымдастырылмақ. Сол додаға дайындықты қазір бастап кеттік. Құдай қаласа, кемшіліктердің орынын толтырып, жақсы нәтиже көрсетеміз деген сенімдемін, -деді Жігер Сайранұлы.
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы