Бәйтерек ауданы, Қайнар ауылындағы Қ.Қайсенов орта мектебі жанынан «Саржайлау» этнолагері ашылды.

Лагерьдің ашылу салтанатында мектеп директоры Гүлмира Жиеналиева атап өткендей, биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған этнолагерьде 1-10-сыныптар аралғындағы 75 оқушы тынығады.
- Бүгінгі таңда адамға тегін білу, салт-дәстүрді ұстану, оларды жас ұрпақтың бойына дарыту маңызды. Бұл бағытында мектебімізде де ауыз толтырып айтарлықтай іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, қазақтың бас ақыны, философ Абай Құнанбайұлы зерделеп, ұсынған «толық адам» іліміне сәйкес ұлттық сананы ояту, рухани тұрғыдан жаңғырту бағытындағы жұмыстар этнолагерьде де жалғасын табады, - деді Гүлмира Меңдібайқызы.
«Саржайлаудың» ашылуына Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар кітапханасының өкілдері келді. Осы кітапхана жанындағы «Жайық букс» оқырман клубының жетекшісі Дәурен Жұмагелдиев атап өткендей, 200-ден аса клуб мүшелерінің төрттен бірі педагогтар. Олардың ішінде қайнарлық мұғалімдер де бар. Белсенділігімен танылып жүрген осынау мұғалімдердің шақыруымен олар Қайнарға арнайы келген. Ізгі тілектерін арнаған меймандар мектепке қажет кітаптар алу үшін 20 мың теңгелік сертификат табыстады.
Іс-шарада мектеп жанындағы «Тұмар» әжелер, «Ұлағат» әкелер, «Асыл ана» аналар, ұлттық спорт, робототехника клубтарының және «Экомектеп», «Балалар кітапханасы» жобалары аясында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.


Жиналғандар оқушылар шырқаған ән мен күмбірлеген күй тыңдап, мың бұралған бишілердің өнерін тамашалаған соң мектеп ауласында құрылған киіз үйге кіріп, ұлттық тағамдардан ауыз тиді.

- Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат тұтатын «Саржайлау» этнолагерінде болған да арманда, болмаған да арманда. Мұнда оқушыларымыз салт-дәстүрді тереңірек тани түседі. Негізінен қолөнермен шұғылданып, яғни ұлдар қамшы өріп, ат әбзелдерін жасап, жылқыға мінуді үйренсе, қыздар қазанда бауырсақ-шелпек секілді тағамдар пісіріп, тары-талқан түйіп, ұлттық тағамдар дайындайды. Жоспарымызда аң аулау бағытында тазы итті ұстау, баптау, аң-құсқа салу жайы да арнайы бір күн белгіленіп отыр. Мұның бәрін оқушыларымыз шын ниетпен үйренуде. Сол себепті олар этнолагерьге қызыға келеді, - дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Саржайлау» этнолагерінің жетекшісі Валентина Дүйсенбеева.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы