Бәйтерек аудандық «Шың» драма театры сахнасында кезекті премьера көрерменге жол тартты. Бұл жолы театр ұжымы белгілі сықақшы Н.Тутовтың «Құтаяқ» мұңлы комедиясын сахналады. Бірден айтайық, қоюшы режиссер де, басты рөлдегі актер де – студенттер.

Алғашқы сәттерінен-ақ жеңіл әзілге құрылған туынды көрерменді еркін күлкіге бөлесе, қойылым соңындағы терең драмалық шешім зал ішін үнсіздікке бөлеп, көпшіліктің жанарына жас үйірді. Мұң мен күлкіні астастыра өрген спектакль адам мен ит арасындағы адал достықты арқау етеді. Қойылым «Иттің досың болсын, бірақ досының ит болмасын» деген ойлы түйінмен аяқталып, көрерменге салмақты ой тастайды.

Сахналық шешімдер арқылы Құтаяқтың қалаға келіп, Шарик атануы, оны паналатқан Батырмен арадағы шынайы байланыс, адам мен жануар арасындағы адалдық пен жанашырлық әсерлі әрі жеңіл формада жеткізіледі. Дегенмен қойылым желісі мұнымен шектелмейді. Саханаға Сұлу қыз бен Матильда есімді иттің шығуы тартысты тереңдете түседі. Шарик пен Матильданың «таныстығы» арқылы Батыр мен Сұлу қыздың кездесуі – шығарманың драмалық өрісін кеңейткен сәттердің бірі. Бастапқыда шынайы сезім мен кіршіксіз махаббатқа сенген Батырдың уақыт өте атақ пен даңқ жолында адал серігін құрбан етуі – қойылымның ең ауыр тұсы.
Бір кездері иесін ажалдан арашалап қалған Құтаяқтың қаңыраған бос үйде жалғыз қалып, өткен күндерін сағынышпен еске алып, иесіне деген шексіз сағынышпен өмірден өтуі көрерменді бейжай қалдырған жоқ. Оның жан күйзелісін, адалдығын, қасіретін ешкімнің сезбеуі ең өкінішті сәттердің бірі болғаны анық.
Қойылымның түпкі идеясы – адалдықтың бағасын ұғындыру. Адамға қиын сәтте үнсіз жанашыр бола алатын, мұңыңды бөлісіп, жаныңнан табылатын шынайы достың қадірін көрсету.

Спектакльден соң М.Өтемісов атындағы БҚУ мәдениет және өнер факультетінің оқытушысы, өнертану кандидаты, ҚР мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Айтқалиева сөз алды.
— Бүгін - біз үшін ерекше күн болды. Студентіміз Эльвира Мағзомова өзінің шығармашылық жұмысын үлкен сахнада қорғап шықты. Осы еңбегін бағалап, қолдау көрсету мақсатында Оралдан арнайы келдік. Эльвира — төрт жыл бойы үздік ізденісімен, белсенділігімен көзге түскен талапты студенттеріміздің бірі. Оның шығармашылыққа деген құлшынысы мен еңбекқорлығы болашақта кәсіби режиссер ретінде қалыптасуына берік негіз болады деп сенемін. Осы уақытқа дейін біз Эльвираны сахнада шебер ойнайтын актриса ретінде танып келдік. Шынында да, оның сахна мәдениеті, сөз саптауы, актерлік болмысы дайын тұрған кәсіби актрисаны көз алдымызға келтіреді. Ал бүгінгі қойылымнан кейін оны толыққанды режиссер ретінде мойындауға болады. Таңдалған тақырыптың өзектілігі, режиссерлік шешімнің нақтылығы, шығармашылық қиялының ұшқырлығы — барлығы үйлесім тауып, көрермен көңілінен шықты деп ойлаймын,-деді Қарлығаш Айтқалиева.

Содан соң сөз кезегін алған «Шың» театрының директоры Әліби Жанәбіл қойылымның режиссері мен шығармашылық құрамға алғысын білдірді. «Көрерменнің ыстық ықыласы мен шынайы қошеметі шығармашылық еңбектің нәтижесін айқын аңғартты,-деді ол.- Бастамалар сәтті, алдағы уақытта бұдан да салмақты, көркемдік деңгейі биік қойылымдар көбейеді деп сенемін. Театрымыз жастарға әрдайым қолдау көрсетуге дайын. Жас режиссерлер мен актерлер тың идеяларын ұсынып, жаңа қойылымдарымен келеміз десе, есігіміз ашық.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы