Жаңа жыл қарсаңында осындай атаумен Бәйтерек аудандық мәдениет және өнер қызметкерлерінің арасында жыл қорытындысына арналған концерт ұйымдастырылды. Кеш екі бөлімнен тұрды. Алғашқысы марапаттау рәсімі болса, екіншісі – шоу бағдарлама.
Іс-шараның шымылдығын ашқан аудан әкімі Марат Тоқжанов жиналғандарды мерекемен құттықтап, сала үздіктерін марапаттады.
- Мәдениет – ерекше сала. Мұнда шабыттанып жүретін адам көп. Соның арқасында олардың жұмысы да нәтижелі болады, мұндай жандар қоғамды да алға сүйрейді. Өйткені биылғы жыл оңай болған жоқ. Көктемгі су тасқыны уақытында мәдениет саласы қызметкерлері алдыңғы сапта болды. Ауданымыздың 85 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың басы-қасында өздеріңіз жүрдіңіздер. Әр іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сол үшін де сіздер айтар алғысымыз зор, - деген аудан басшысы он аталым бойынша марапат табыстады.
Мәселен, «Жылдың үздік мәдениет белсендісі» аталымын Жантеміс Сатқалиев, «Үздік ауылдық мәдениет ошағы» аталымын Байқоныс ауылдық мәдениет үйі, «Үздік мәдениет ошағының басшысы» Елена Стодеревская (Байқоныс) иеленді. Ал «Жылдың үздік сүйемелдеушісі» аталымын Қанат Мәжитке, «Жылдың үздік хореографы» Екатерина Шуламбаеваға, «Жылдың үздік әншісі» Аягөз Бейоваға, «Жылдың үздік үйірме жетекшісі» Мариям Наурызалиеваға, «Жылдың үздік әдіскері» аталымын Балым Ниетоваға бұйырды. Ал «Жылдың үздік премьерасы» болып «Тегімді менің сұрама» эксперементалды драмасы танылды.
Екінші бөлімнің шымылдығын «Аппақ көйлек» әнімен Мейірбек Жанболат ашып, ұйымдастырушылар қызық премияларды табыстады. Сондай-ақ аудан өнерпаздары Нұрсұлтан Сақтай «Емдеп алайын», Аягөз Бейсова «Золотой золотой», Жантеміс Сатқалиев «Аллые губы», Асылжан Динара жұбы «Бұл махаббат» әндерін орындады.
Сәнім Берік
Бәйтерек ауданы