Абай атындағы мектеп-гимназия-интернаты кешенінде жоғары сынып оқушыларына әскери мамандықтарды насихаттау мақсатында «Қайда оқуға баруға болады?» деген тақырыпта кәсіби бағдар беру шарасы өтті.
Оған Бәйтерек аудандық полиция бөлімінің өкілі, полиция лейтенанты Тілеген Шағраев, №22 өрт сөндіру бекетінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Айдар Жұмағалиев, қарауыл басшысы, азаматтық қорғау капитаны Ғизат Ғылымов, сондай-ақ «Орал» шекара бекетінің өкілі, лейтенант Шағади Смағұлов қатысты.
Қонақтар оқушыларға еліміздегі әскери, құқық қорғау салалары бағытындағы оқу орындары туралы айтты. Соның ішінде Ішкі істер министрлігіне қарасты оқу орындары жайлы кеңінен ақпарат берді. Көкшетау техникалық институтына ерекше назар аударылып, оқу орны туралы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар, ҚР ҰҚК Шекара академиясы туралы баяндап, талаптар мен оқуға түсу мүмкіндіктерін айтты. Ал мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Асұлан Айдарханов Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери оқу орындары жөнінде мәліметтер берді.
Оқушылар қонақтарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, әскери және құқық қорғау салаларының өкілі атану жолдары, жеңілдіктері мен болашақ мүмкіндіктері туралы толыққанды жауап алды.
Сәнім Берік
Бәйтерек ауданы