20.09.2025, 17:30
Оқылды: 185

Бәйтерек ауданында санақтың офлайн кезеңі басталды

20 қыркүйектен 20 қазанға өтетін ауыл шаруашылығы санағының офлайн кезеңде шаруа қожалықтары, үй шаруашылықтары, жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар түгелдей қамтылмақшы. Соған орай Бәйтерек ауданда 35 интервьюер бекітіліп, әр округке бөлінді. Олардың барлығы планшет және арнайы киімдермен қамтамасыз етілді.

IMG_20250920_170223_474
Бұл туралы аудан орталығында өткен ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Мешеловпен кездесу кезінде айтылды. Аудан әкімінің орынбасары Лауаз Уәлиевтің төрағалығымен болған жиынға ауылдық округ әкімдері Zoom платформасы арқылы қосылды.
– Елімізде соңғы рет ауыл шаруашылығы санағы 2006-2007 жылдары өткізілген еді. Ол кезде өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы бөлек-бөлек есепке алынған болатын. Биылғы санақтың басты ерекшелігі – екі саланың бір мезетте қамтылуы. Сонымен қатар жиналған барлық дерек планшет жүйесіне енгізіліп, электронды түрде өңделеді, – деген Болат Тілеуқабылұлының айтуынша, облыс бойынша 12 аудан, 147 ауылдық округ, 413 елді мекен мен 700 мыңға жуық халық бар. Ал Бәйтерек ауданында 22 ауылдық округ, 68 елді мекен және 60 мыңнан астам тұрғын тіркелген.
Ауыл шаруашылығы санағы басталған кезеңде облыс көлемінде 225 513 үй шаруашылығы анықталып, олардың 90 874-і ауыл шаруашылығымен айналысатыны белгілі болды. Алғашқы онлайн кезең 1-31 тамызы аралығында өткені белгілі. Бұл кезеңде 65 мыңнан астам заңды тұлға тіркеліп, олардың ішінде 10 436-сы онлайн форматта санақтан өтті.
20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтетін негізгі офлайн кезеңде шаруа қожалықтары, үй шаруашылықтары, жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар түгелдей қамтылмақ.
1-31 тамыз аралығында өткен алғашқы кезеңде негізгі назар заңды тұлғаларды қамтуға аударылды. Ал кейінгі екі аптада үй шаруашылықтарын толыққанды қамтуға ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта ауылдық округ әкімдерінен интервьюерлер тартылып, арнайы жұмыс тобы жасақталды.
Облыс көлемінде 1 маусым мен 31 тамыз аралығында 44 нұсқаушы жұмысқа қабылданып, әр елді мекенде өзін-өзі қызмет көрсету орталықтары ашылды. Бүгінде БҚО бойынша мұндай 150 орталық жұмыс істеп тұр. Барлық қажетті техникамен жабдықталған бұл орталықтар халықтың санақтан өтуіне қолайлы жағдай жасауда. Сонымен қатар санақты насихаттау мақсатында облыс көлемінде 307 баннер, 9 LED экран орнатылып, бейнероликтер көрсетіліп келеді.
Ауылдық округ әкімдері санақ жүргізушілерді көлікпен қамтамасыз етуге міндетті. Бұл орайда әкімдер мен статистика басқармасы өзара тығыз байланыста еңбек етуде.

Салтанат ШОҚАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале