Бәйтерек ауданында ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімін анықтау, осы тақырыптағы тың деректерді жинақтау жөніндегі аудандық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
Переметныйдағы «Бәйтерек» мәдени-ағарту және тынығу орталығында өткен келелі басқосуға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ерназар Амангелдіұлы, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жеңісгүл Жаңабаева, Жұбан молда мешітінің бас имамы Бейімбет Дүйсенәлі және жұмыс тобының мүшелері қатысты.
Осыдан біраз уақыт бұрын құрылған жұмысшы топ құрамында аудандағы барлық зиялы қауым өкілдері бар. Аз ғана уақыт ішінде топ біраз жұмыс атқарып үлгерді. Әр ауылдан жұмысшы топтың қажеттілігіне қарай тарихшылар мен өлкетанушылар, кітапханашылар мен елдің өткеніне бей-жай қарай алмайтын белсенді азаматтар тартылды. Сондай-ақ ауданның Дариян бетінде де арнайы жұмыс тобы құрылып, үлкен іс басталды.
Жиынды ашып, жүргізген ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр негізгі жұмыстың қандай бағыттарда атқарылатынын айтып, осы кезге дейін жасалған жұмысты қорытындылады.
Жұмыс тобы ашаршылық кезінде тағдыр тәлкегіне түскендерді, қуғын-сүргінге ұшырағандарды, кәмпескеге іліккен тұлғалардың ұрпақтарын анықтау және ҰОС кезінде тұтқынға түскен азаматтардың дерегін тауып, олардың кейінгі тағдырын зерттеу бағытындағы жұмыстар атқарған.
Бұдан бөлек, репрессия кезінде оққа ұшқан жерлестеріміздің ұрпақтарын іздестіру жұмыстары да жақсы жолға қойылды. Соғыс кезінде елімізге мәжбүрлеп көшірілген отандастарымыздың да тағдырына зер салу жұмыс тобының негізгі міндеттерінің бірі болмақ.
- Бұл жұмыстар ауданның жаңа тарихын қалыптастыруға септігін тигізеді. Өйткені бірталай ұлттың басы қосылған ауданымыздың тарихы терең. Біздің елді мекендеген әр ұлт пен ұлыстың да өз тарихы бар. Сол деректерді толық жинақтап, іздеген, көрген, оқыған мәліметтерімізді сәйкестендіріп, бір ізге салуымыз қажет, - деді Нұржан Дүзбатыр өз сөзінде.
Жиын барысында «Шапағат шамшырағы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен «Dana kaz» журналында жарық көрген аудан тарихына қатысты тың деректер де таныстырылды. Журнал материалдарын таныстырған кітапханашы Гүлмира Ержаймасқызы мен Қазыбек Құттымұратұлының «Совет қысымындағы молдалар», Нұржан Дүзбатырдың «Мешіт — жердегі Алланың үйі», «Автобекетті Алланың үйіне айналдырған», Жұбан молда мешітінің бас имамы Бейімбет Дүйсенәлінің «Басты міндет – жамағат бірлігін нығайтып, білімін шыңдау» мақалаларына шолу жасады.
Кездесу барысында имам Бейімбет Дүйсенәлі жұмыс тобының ісіне береке тілеп, мешіт тарапынан да көмек болатынын жеткізді.
Жиын соңында осы кезге дейін атқарылған жұмысты реттеп, жаңа тың деректерді әлі де іздестіру керектігі айтылды.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz