Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Сөз бен саздың палитрасы» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Іс-шара ақынның өз дауысымен жазылған бейнематериалмен ашылып, көрерменді бірден қаламгердің рухани әлеміне жетеледі. Ақынның поэзиясының уақытпен өлшенбейтін құдіреті, кеше мен бүгінді, болашақты жалғаған мәңгілік мәні кеңінен сөз болды.
Кеш барысында ақынның «Өз-өзіңді жақсы көр», «Әке», «Ей, өмір», «Анашым», «Үш бақытым», «Бақыт деген не өзі?», «Ғашықпын» сынды оқырман жүрегінен орын алған өлеңдері оқылып, әр шумақтан адам өмірі, махаббат пен сағыныш, ар мен адалдық, туған жерге деген шексіз іңкәрлік сезілді. Мұқағали жырының басты ерекшелігі – қарапайым сөз арқылы күрделі ой айту, жүрекке бірден жол табу екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Поэзия мен саздың егіз өрілген тұсы кештің көркемдік қуатын арттыра түсті. Ақын сөзіне жазылған «Мен деп ойла», «Есіңе мені алғайсың», «Жарығым-ай», «Бақыт деген», «Ұнатамын мен сені», «Саржайлау» әндері аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының орындауында әуелеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, Мұқағали мен Нұрғиса Тілендиев арасындағы рухани үндестік, олардың бірлесіп жазған туындылары туралы тағылымды әңгімелер кештің мазмұнын тереңдете түсті.

Кешке қатысқандар ақынның есте қалған өлең жолдарын жатқа оқып, танымал әндерді қосыла шырқады. Бұл – Мұқағали поэзиясының халық жадында мәңгі сақталғанының, оның жыры әр буынмен бірге жасай беретінінің айқын көрінісі болды.
Іс-шара соңында сөз алған «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бибигүл Ахметжанова ақын жыры арқылы көрермен қауым рухани нәр алып, сөз құдіретін терең сезінгенін жеткізді.

– Мұқағали поэзиясы – уақытпен өлшенбейтін, әр буынның жүрегіне жол тауып, санамен емес, сезіммен қабылданатын мәңгілік рухани мұра. Сөз бен сазды үйлестіре өрген бұл әдеби-сазды кеш көрерменге терең рухани әсер сыйлап, ақын жырлары арқылы ұлттық құндылықтар мен адамгершілік мұраттардың мәні айқын ашылды. Мұндай тағылымды басқосулар мәдениет пен әдебиеттің дамуына тың серпін беріп қана қоймай, ел жадында сақталатын игі бастамалардың қатарын толықтыра берері сөзсіз, – деді аудандық мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәулеткерей Құсайынов.
Салтанат Шоқан,
Бәйтерек ауданы