Көптеген мемлекеттерде белең алып отырған COVID-19 вирусына байланысты Қазақстанның 16 наурыз күні төтенше жағдай режиміне көшкені белгілі.
Осыған байланысты Бәйтерек ауданында коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары қолға алынды. Мекемелер, азық-түлік дүкендерінің жұмыс уақыты қысқартылып, кейбір жұмыс орындары өз жұмысын уақытша тоқтатты. Жұмыс орындары мен ғимараттарда мұқият өңдеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар әлеуметтік нысандар мен адамдар көп шоғырланатын орындарда және т.б. коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында дезинфекциялау шаралары күшейтілді.
- Елдегі орнаған төтенше жағдайға байланысты тазарту жұмыстарына кірістік. Бүгінгі таңда хаттама толтырылып, аудандағы тасымалдаушы көлік, машиналарда, барлық жылжымалы құралдарда дезинфекция жасау тапсырылып, көлік жүргізушілеріне жадынама таратылды.
Аудандағы қолданыста жүрген автобустар мен қоғамдық көліктер арнайы ерітіндімен жуылады.
Атқарылған сақтық шаралары бойынша есеп сұралады. Бұл залалсыздандыру жұмыстары бірнеше мәрте қайталанып отыратындығын еске саламыз, - дейді Бәйтерек ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Назгүл Болатқызы.
Аружан Болатбекқызы
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер