21.03.2025, 12:00
Оқылды: 159

Бәйтерек ауданында жас домбырашылар байқауы өтті 

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына және «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күніне орай Б.Момышұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектепте ерекше рухани шара – күй тартыс сайысы өтті. Бәйтерек аудандық ішкі саясат бөлімі, білім беру бөлімі және жастар ресурстық орталығының қолдауымен ұйымдастырылған бұл байқау ұлттық өнерді дәріптеуді, жас домбырашылардың шеберлігін шыңдауды және күй тартыс дәстүрін жаңғырта отырып, жастардың рухани дамуына ықпал етуді көздеді.

IMG_20250320_181412_362

Шараның шымылдығын «Ақжелең» домбырашылар ансамблінің кіші топ өнерпаздары халық күйі «Ілме» шығармасымен ашты. Қос ішектен төгілген күй сырына тербелген зал көрермендері ұлттық өнердің тұнығына бойлап, ерекше күйге енді. Кештің салтанатты бөлігінде Б.Момышұлы атындағы ЖОББ мектебінің директоры Аймекен Бақтығалиқызы сөз алып, ата-бабадан мирас болған күй өнерінің құдіретіне тоқталып, жас өнерпаздарға сәттілік тіледі:

IMG_20250320_181430_408

— «Домбыра – қазақтың жаны, күй – қазақтың үні. Бүгінгі жас домбырашылар – сол ұлы мұраны жалғаушы буын. Сіздер арқылы күй өнері ұлт жүрегінде мәңгілікке сақталады. Бұл сайыс – шеберлік сынға түсетін дода ғана емес, бабалар аманатын жаңғырту, ұлттық рухты асқақтату. Әрбіріңізге жеңіс, ал ең бастысы – өнерге деген адалдық пен биік белестер тілеймін!».

IMG_20250320_181435_216

Сайысқа аудан мектептерінен 40-қа жуық оқушы қатысып, екі кезең бойынша бақ сынасты. Алғашқы кезеңде қатысушылар өз таңдауы бойынша еркін тақырыптағы күйлерін орындаса, екінші кезеңде күй тартысқа түсіп, өзара шеберліктерін көрсетті.
Байқаудың қорытындысы бойынша: 1-орынды Мақаров мектебінің оқушысы Аманжол Серікқали «Ерке сылқым» күйімен жеңіп алды. 2-орын Переметный мектебінің оқушысы Ермұхан Лұқпанға бұйырды, ол «Әлқисса» күйін орындады. 3-орынды Щапов мектебінің шәкірті Санжар Романұлы иеленді, ол Құрманғазының «Жима» күйімен ерекше көзге түсті.

IMG_20250320_181415_866
Сайыс соңында барлық қатысушылар сахнаға шығып, ұлы күйші Құрманғазының әйгілі «Балбырауын» күйін бірге орындап, залды күй сазына бөледі. Бұл – ұлттық рухтың айқын көрінісі, қазақ күй өнерінің мәңгілік екенінің дәлелі еді.

Бұл сайыс – бабадан балаға мирас болып келе жатқан күй өнерінің құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеген, ұлттық рухты асқақтатқан айтулы шара болды. Күй күмбірі тоқтамасын, қазақтың қара домбырасы үнемі төрімізде күмбірлеп тұрсын!

Сәнім Берік
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале