6.03.2024, 9:45
Оқылды: 96

Бәйтерек ауданында жас келіндер клубы құрылды

Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Бәйтерек ауданы орталығында «Айсұлу» атты жас келіндер клубы құрылды. «Ақ ниет» әжелер ансамблі жанынан жасақталған клуб ұлттық салт-дәстүрді, отбасы құндылықтарын насихаттауды мақсат тұтады.

байтерек этно келин (1)

- Клубтың ашылу салтанатында «Ақ ниет» әжелер ансамблінің мүшесі Мензипа Пазылтаева атап өткендей, мұндай клуб аудан үшін өте қажет. «Жас келін өзі түскен отбасына шырақ жағып, жанұя мүшелері өмір­лерінің көкжиегін ке­ңей­теді. Сөйтіп үйдің қуыс-қуысын қуанышқа толты­ра­ды. «Жаңа түскен келіннің аяғымен» демекші, бұл әр шаңы­рақ­қа құт-береке енуіне себепші болады. Жас келін өз басының тазалығы мен жарасымдылығын айтпай-ақ үйін, қазан-аяғына дейін мұнтаздай кіршіксіз етіп ұстаса, өзі он саусағынан өнері тамған ісмер, бармағынан бал тамған аспаз болса, нұр үстіне нұр. Ондай келіні бар үй көпке үлгі, ауылға сыйлы болары сөзсіз. Біздер жас келіндерге осы бағытта білгенімізді үйретеміз. Соның нәтижесінде олардың абырой-беделі еселеніп, үлкендер құрмет тұтатын, жастарға үлгі ететін деңгейге жетеді деп ойлаймыз, - деді Мензипа апамыз.

байтерек этно келин (2)

Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев те ауданда жас келіндер клубының ашылуы ерекше оқиға екенін атап өтті.

- Халқымыз келінге, оның орны мен рөліне ерекше мән берген. Сондықтан ертеден жат жұрттық болатын қызды ақ босаға аттап, аяулы жар, әдепті келін атанасың деп қырық үйден тыйым салып отырған. Халқымыз қашанда келін болатын қызға ұрпақ жалғас­тырушы, әулеттің құт-берекесі, ұлт болашағының ұйыт­қысы деп қараған. Қыз тәлімін анасы қолға алып, түзге емес, үй шаруасына икемді қылып өсірген. Нәзікжанды болғандықтан табиғатына сай мейірімді, сыпайы, әр ісіне ұқыпты болуын қадағалаған. Осылайша қазақ келін тәрбиесі арқылы тұтас ұлт ұрпағының жауап­кершілігін  жүктей отырып, келін дәрежесін жоғары ба­ғалаған. «Айсұлу» клубының әжелер ансамблі жанынан құрылуы өте құптарлық нәрсе. Себебі өмірлік тәжірибесі мол әжелердің жас келіндерге айтар өситеті, көрсетер өнегесі көп екені даусыз, - деді Ерлан Ерсайынұлы.

Клуб жетекшісі Арайлым Нарымбетованың айтуынша, қазір клубта 25 адам бар. Болашақта ауданның әр ауылдық округінен осы клуб бөлімшелері ашылмақшы. Мұнда клуб мүшелері көп нәрсеге ден қояды деп күтілуде. Әсіресе бүгінгі таңда өзекті мәселе отбасындағы қарым-қатынастарға мән берілмекші. Соның ішінде ене, жеңге, қайынсіңлі және басқалармен арадағы байланыс та бар. Өзге де тақырыптарда түрлі отырыс, сырласу кештері ұйымдастырылмақшы.

байтерек этно келин (3)

- Сөздің шыны керек, қазір ішек-қарын ашу білмейтін, асқа салатын, қонаққа ұсынатын кәделі сүйектерден хабары жоқ жас келіндер де кездеседі. Әжелеріміздің көмегімен солардың бәрін үйреткіміз келеді. Егер бұл жобасымыз сәтті жүзеге асып, көпшілік тарапынан кең қолдау тауып жатса, болашақта «Айсұлудың» жанынан қыздар клубын ашу ойымызда бар, - дейді Арайлым.

Иә, келін дегенде бойынан қазақы тәрбие, сыпайылық, нәзіктік, әсемдік сынды қасиеттер үндескен ару көрініс береді. Іс-шараға қатысқан ауыл тұрғындары айтқандай, қазір кейбір келіндерімізден мұндай қасиеттер жоғалып бара жатыр. «Айсұлу» клубы осынау олқылықтың орнын толтырарына үміт зор. Бұл жерде басқосқан келіндер ескінің  көзін көріп, сөзін естіп, одан тәлім алып, «Пай, пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай» деп көпшілік сүйсініп, таңдана таңдай қағатындай дәрежеге жетеріне біз де үлкен сенім артамыз.

  «Айсұлу» жас келіндер клубының мүшесі, жеке кәсіпкер Сымбат Шыршығұлова 2019 жылы Маңыстау өңірінен Переметныйға келін болып түскен. Оның сөзіне қарағанда, осы аралықта, яғни бес жыл ішінде Бәйтерек ауданында ұлттық тәрбие, руханият бағытында айтарлықтай жұмыс жасалған. Соның нәтижесінде қазір аудан орталығы біраз қазақыланыпты.

- Халқымыздың салт-дәстүрін білетін, оны ұстанатын отбасылар, соның ішінде жастар, жас келіндер қатары айтарлықтай артқандығы қуантады. Балабақшада, мектептерде қазақша сөйлейтін, дәстүрді білетін, ұлттық киім киетін жас ұрпақтың өсіп келе жатыр. Енді, міне, жас келіндер клубы құрылуда. Білетінінен білмейтіні көп біз секілді жас келіндерге бұл клуб өте қажет. Жалпы біз отбасымызда қазақтың салт-дәстүрлерін берік ұстануға тырысамыз. Мысалы, өзім үйде басыма орал тартып, үстіме көйлек киіп жүремін, күн сайын таңмен ата-енеме сәлем салып, олардың ақ баталарын аламын, - дейді Сымбат.

 

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале