Достық орта мектебінде «Жас құтқарушы» сыныбы ашылды. Бәйтеректе бұл алғаш рет ашылса, облыс мектептерінде мұндай сыныптың 17-сі жұмыс жасап тұр.

Салтанатты іс-шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев жиналған жұртшылықты әз-Наурыз мерекесімен құттықтады.

- Өмірде түрлі жағдай орын алады. Су тасқыны болады, өрт шығады, өзге төтенше жағдайлар кездеседі. Сондай сәтте көпшілік не істерін білмей әбігерге түсетінін 2024 жылы өңірімізде, соның ішінде ауданымыздың аумағында болған су тасқыны көрсетті. Мұндай кезде адам өзін ғана емес, өзгені де құтқара білген жөн. Өмірде ең бағалы нәрсе - адам өмірі екенін ұмытпаған дұрыс. Ал құтқарушы - адам өмірін сақтаушы. Сол себепті мұндай сыныптың ашылуы қаншалықты маңызды екенін білуге болады,-деді Ерлан Ерсайынұлы.
Осынау іс-шараға арнайы келген БҚО ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковонигі Марат Мұратов осынау сыныптың ашылуына қолдау білдірген, демеушілік танытқан “Respublica” партиясының БҚО филиалы мен «Агросервис-Батыс» ЖШС басшылығына Алғысхат табыстады.
Аталмыш сыныптың оқушылары болып табылатын 13 жасөспірім салтанатты түрде ант қабылдаған соң мектеп директоры Айкөркем Ихсанова мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Рауан Қашқынбаев ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері баяндағандай, бұл сынып жас ұрпақтың бойында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйретуге мүмкін беретінін және жастардың құтқарушы мамандығына деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Оқушылар мұнда төтенше жағдайлар кезіндегі алғашқы іс-әрекеттер, алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігі ережелері және эвакуациялау тәртібі бойынша білім алатын болады. «Жас құтқарушы» сыныбының ашылуы – болашақта төтенше жағдайлардың алдын алуға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам екені аталып өтілді.
Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы