Бәйтерек ауданы Переметный ауылында «Айналайын» жеке балабақшасы ашылды. Бұл аудан орталығындағы үшінші мектепке дейінгі. Бөбекжай – 100 орындық. Мұнда бөбектер 1 жастан бастап қабылданады.
- Бүгінде елімізде балабақша салу ісі жеке кәсіпкерлерге берілгені белгілі. Міне, соған сәйкес «Айналайын» ЖШС бөбекжай ашып, ел-жұртқа қуаныш сыйлап жатыр. Бұл нысан балабақша кезегінде тұрған аудандағы бүлдіршіндер кезегін азайтуға және мектепке дейінгі білім беру ісін, тәрбие жұмысын дамытуға мүмкіндік береріне сенеміз, - деді балабақшаның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов.
Ата-аналар атынан құттықтаған Баян Жанғалиева балабақшаның жайлы, ойын, жатын бөлмелері жақсы жабдықталғанын, балдырғандар үшін қажетті дүниенің көбі бар екені айтты.
- Кеңес заманы кезінде балаларымыз орысша оқып-тоқыды. Енді немерелеріміз мемлекеттік тілде жөнді білім ала алмай жүр. Себебі айналасы орысша. Содан келіп қазақ мектебінде оқуда қиындық туындауда. Енді ондай олқылықтарға жол бермес үшін балабақшаларда қазақы тәлім-тәрбиеге жіті мән берсе екен деймін. Ұлттық тәрбте балабақшадан бастау алатынын ұмытпауымыз керек, - деді Баян Жанғалиева.
«Айналайын» ЖШС-ның басшысы Гүлнар Ғалиеваның сөзіне қарағанда, жаңа балабақшаға келуге ниет білдіргендедің саны 65 бүлдіршін. Ал нақты келіп жүргендер 40-тан асады. Ата-аналар әр балаға айына 25 мың теңге төлейді. Балабақша штатында әзірге 13 қызметкер бар, олардың 8-і тәрбиеші, 2-уі әдіскер. Орташа еңбекақы 120 мың теңге.
- «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 70 млн. теңге жеңілдетілген несиеге қолжеткізіп аудан орталығындағы ескі ғимаратты сатып алып, жөндедік, қажетті құрал-жабдықтар алдық. Балабақшамызға Переметныйдың маңындағы ауылдардан да келіп жүргендер бар. Сол себепті болашақта олардың тасымалын ұйымдастыруды да ойластырудамыз. Негізінен сауда-саттықпен айналысқан соң бұл - біз үшін жаңа кәсіп түрі. Балаларды жақсы көруіміз себепті осы істі қолға алудамыз. Егер тиімділігін көрсетіп жатса, тағы бір балабақша ашамыз деп ойлаймын, - дейді Гүлнар Ғалиева.
Ашылу салтанатынан соң аудан басшысының атынан балабақшаға әр түрлі әдемі ойыншықтар тарту етілді.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz