Тәуелсіздік күніне орай Бәйтерек ауданы орталығында "Желтоқсан жаңғырығы" атаумен желтоқсан құрбандарын еске алу іс-шарасы өтті.
"Бейбітшілік пен келісім" саябағында ұйымдастырылған жиынға қатысушылар тәуелсіздік құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жиын барысында Желтоқсан оқиғасына бүгінгі күн тұрғысынан баға беріліп, оның тарихта алатын орны атап өтілді.
- Ата-бабамыздың азаттық жолында төккен тері, атамекенін ақырғы демі таусылғанша қорғап, бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған ерен ерлігі, осынау тар жол, тайғақ кешу кезінде ғұмырын бәйгеге тіккен ұлтжанды азаматтардың батыл қадамдары бүгінгі Тәуелсіз еліміздің жарқын істерімен жалғасын табуда. Сіздерді Ұлттық қасиетіміз бен құндылықтарымызды ұлықтап, намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын, - деді өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев.
Одан соң "Шың" сазды драма театрының қатысушылары Бахыт Оңдасынов пен Аянат Тоғызбай поэзия оқыды.
Жеңіс Қасымов "Қара бауыр Қасқалдақ" әнін шырқады. Іс-шарадан кейін барлығы Жеңіс кинотеатрында «Томирис», «Оян, қазақ» фильмін тамашалады.
Нұрсәуле Әбілпейсова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz