Өткен жылы аудандық мәслихаттың 4 кезекті және 5 кезектен тыс сессиялары өткізілді. Онда барлығы 159 шешім қабылданды. 2024-2026 жылдарға арналған аудан бюджетіне 5 рет өзгерістер енгізіліп, былтырғы аудан бюджеті 10328,3 млн.теңгені құрады. Сондай-ақ Махамбет, Макаров, Володар ауылдарының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен біріктірілген бас жоспарлар бекітілді.
Бұл туралы аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлыбек Хайруллин Шалғай, Атамекен, Егіндібұлақ, Зеленый ауылдық округтарының тұрғындарымен өткен кездесулері кезінде мәлімдеді. Сондай-ақ ол аудандық мәслихаттың VIII шақырылым депутаттарының 2024 жылы атқарған жұмыстары жөнінде де баяндады.
-Өздеріңізге белгілі, былтыр көктемгі су тасқыны еліміздің біраз бөлігіне, оның ішінде біздің ауданның да елді мекендеріне айтарлықтай қауіп төндірді. Осынау қиын уақытта аудандық мәслихат депутаттары да ел-жұртпен бірге болып, уақытпен санаспай, тасқынға қарсы жүргізілген жұмыстарға белсене атсалысты. Кәсіпкер депутаттар бөгеттер жасауға, арықтар қазуға қажетті арнаулы техникалар мен құрал-жабдықтар берді. Сонымен қатар қаптарды құммен толтырып, тасымалдаған, өзге де жұмыстар атқарған адамдарға шай, сусын, ыссы тамақ жеткізіп отырды. Осы сәтті пайдаланып, барлық әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін,-деді Нұрлыбек Қажымұратұлы.
Кездесу барысында аталмыш ауылдық округтардан сайланған Әсел Қартқожакованың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуына орай оның орнына аудандық мәслихат депутаты болған Ерлан Кужумов жиналғандарға кеңірек таныстырылды.
Жиындарда ауыл тұрғындарымен жайлым жайы туралы, ауылішілік жолдарды, бөгеттерді жөндеу, жарықтандыру, қоршаған орта, ауыл тазалығы, мал мен құс ауруларын алдын алу және өзге де мәселелер көтерілді. Қойылған сұрақтарға мәслихат төрағасы құзыреті шеңберінде жауап беріп, орын алған мәселелердің шешілуіне ықпалдасатынын жеткізді.
Кездесуден кейін тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізілді.
13 қаңтарда Шалғайда басталған мұндай кездесу барлық ауылдық округтарда өтіп, 22 қаңтарда аудан орталығында аяқталмақшы.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы