Көшім - ауданымызда «Ауыл аманаты» бағдарламасын жақсы жүзеге асырып отырған ауылдық округтардың бірі. Осынау бағытта биыл да жоспар аз емес.

Бұл туралы есептік кездесу кезінде округ әкімі Ауған Алмурзин мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы аталмыш бағдарлама аясында көшімдіктерде 14 жобалық жоспар бар. Қазіргі таңда оның жетеуі дайындалу үстінде. Атап айтсақ, 1 тігін, 1 шиномонтаж цехтарын ашу, 1 сүт өңдеу техникасын, 2 ауыл шаруашылығы техникасын алу және дүкенге қажетті құрал-жабдықтарды алу бойынша екі жоба қамтылған. Бұл жобалар жүзеге асқанда ауыл тұрғындары ет, сүт, қаймақ, май, сүзбе сияқты өнімдермен барынша көбірек қамтылады және жаңа жұмыс орындары да ашылады. «Бұл бағдарламасы аясында құрылған "Колесово" АШӨК-тің жұмысы көпке үлгі, - деді Ауған Ғарифоллаұлы.

- Кооператив былтыр 29 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын алды. Биыл "Күміс жас" бағдарламасымен 1 жұмысшы, әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 4 адамды еңбекке тартты. 2027 жылы осы кооператив жылына 10 мың дана жұмыртқа өндіретін құс фабрикасын ашуды жоспарлап отыр. Бұл – тек халықты жұмыртқамен қамтамасыз етіп қана қоймай, 5-7 адамға жұмыс орны ашылады деген сөз».
Жиын барысында сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов та "Ауыл аманаты" бағдарламасының тиімділігіне тоқталды. Аудан басшысының сөзіне қарағанда, облыстық жобалық офисі жан жақты зерделеп, ауданымыздағы 8 ауылдық округты биыл бағдарламаға қатысады деп таңдап алған. Олардың ішінде Көшім де бар. Қазіргі таңда осы ауылдық округтердегі 10 несие алушының құжаттары жинақталып тапсырылуда. Бүгінгі күні 500 млн теңгеге өтініштер қарастырылды. Оның ішінде құс (69,4 млн.тг), мал (289,6 млн.тг), өсімдік (4,8 млн.тг), көкөніс (9,8 млн.тг) шаруашылықтары және ауыл шаруашылығы техникасы (34 млн.тг), шағын бизнес (92,4 млн.тг) бар.

Жиын барысында Көшім ауылына балалар ойын алаңының қажеттілігі, мұнда мәдениет үйінің қашан салынатыны, ауылішілік жолдарды жөндеу, Үлкен Шаған ауылында жаңа мектеп тұрғызу, балалар қауіпсіздігі туралы сұрақтар қойылды.

– Былтыр аудан бойынша бірнеше ауылда ойын және спорт алаңдары пайдалануға берілді. Биыл да салу жоспарда бар. Дегенмен мұндай нысандар құрылысы қомақты қаражатты қажет етеді. Сондықтан тиімді әрі үнемді нұсқаларын қарастырудамыз. Ауылішілік жолдарға келсек, құжаттары дайын болғанымен, әзірге қажет қаржы қарастырылмай отыр. Биыл тек Сұлукөлдегі ауылішілік жолдар жаңармақшы. Ал мәдениет үйі аудан бойынша Достық ауылында ғана бойкөтереді. Иә, Үлкен Шаған мектебі ғимаратының жағдайы мәз емес. Бұл мәселе бойынша таяуда Астанаға арнайы бардым. ҚР Оқу-ағарту министрімен кездесіп, мән-жайды түсіндірдім. Қазір министрлік өңірлерде жаңа мектеп салудың тізімін жасақтауда. Бұйыртса, осынау тізімге Үлкен Шаған мектебі де енеді деп ойлаймын. Одан соң бұл бағытқа қаржы бөлу де үлкен мәселе. Сол себепті жаңа білім ұясының құрылысы нақты қашан басталатынын айту қиын. Дегенмен бұл бағытта біздің тарапымыздан қажетті шаралар алыуда. Қауіпсіздік мәселесіне келсек, біреудің қайғылы жағдайға ұшырауын күтіп отырмауымыз керек. Баланың қауіпсіздігі – ең алдымен ата-ананың, қоғамның ортақ жауапкершілігі. Соған орай балаларды қадағалаусыз қалдырмауымыз қажет, – деді Марат Лұқпанұлы.
Салтанат Серікбайқызы,
Бәйтерек ауданы