25.06.2025, 15:00
Оқылды: 368

Бәйтерек ауданының үш ауылына әкім тағайындалды

Бәйтерек ауданына қарасты Январцев, Чиров және Зеленов ауылдық округтерінде әкім сайлауы өтті. Аталған саяси науқанның қорытындысы бойынша осы үш ауылда әкім тағайындалды.

IMG_20250625_014941_468

Зеленов ауылдық округінде аудандық сайлау комиссиясы мен жергілікті билік өкілдерінің қатысуымен жаңадан сайланған әкімді таныстыру және куәлік табыстау рәсімі өтті.

Жиынды ашқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Ғалиев ауыл тұрғындарына белсенділік танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, әрбір дауыс берушінің таңдауы құрметке лайық екенін атап өтті.

IMG_20250625_014955_230

Содан соң аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Радик Ихласов тұрғындарды сайлау нәтижесімен таныстырды. Оның сөзінше, мұнда 948 сайлаушы тіркелген. Оның 337-сі дауыс беруге қатысып, бұл жалпы сайлаушылар санының 35,5%-ын құрады. Сайлау қорытындысы бойынша осыған дейін ауыл әкім лауазымын атқарған Ізғали  Дәулетов — 203 (63,84 пайыз), Нұрлан Төлебалиев — 95 (29,87 пайыз) , Тілеухан Нәсіпқалиев — 20 (6,29 пайыз) дауыс жинаған. Осылайша, дауыс бергендердің  басым бөлігінің қолдауына ие болған Ізғали Сапарғалиұлы Зеленов ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Аудандық сайлау комиссиясының №62 шешімімен ол ресми түрде тіркеліп, оған ҚР Орталық сайлау комиссиясының куәлігі табысталды.

-Кімді қолдаса да, ол – халықтың таңдауы. Демек, бұл таңдау – елдің сенімі. Сайланған әкім сол сенімді ақтап, округтің өзекті мәселелерін шешуге күш салады деп сенеміз, – деді Ерлан Ерсайынұлы.

IMG_20250625_015021_395

Жиын барысында тұрғындар сайланған әкімге ақжарма тілектерін арнап, ауылдың болашағы үшін аянбай еңбек етуге сенім білдірді.

Алғашқылардың бірі болып сөз алған ауыл ақсақалы Уәлихан Жұмағұлов жарты ғасырға жуық уақыттан бері осы ауылда тұрып келе жатқанын, І.Дәулетовты көптен танитынын айтып, оның елге деген жанашырлығын, іскерлігін атап өтті.

-Округіміздегі 948 сайлаушының тең жартысынан көбі дауыс беруге келмегені көңілге кірбің ұялатады. Әрбір азаматтың дауысы – ауылдың бүгіні мен ертеңінің кепілі. Сондықтан алдағы сайлауларда белсенділік танытуымыз қажет. Он екі жылдан астам уақыттан бері әкім болып келе жатқан Ізғали Саарғалиұлы Зеленовтың жағдайын жақсы біледі. Қолынан келгенше ауылды гүлдендіру бағытында еңбек етері анық, – деді ел ағасы.

IMG_20250625_015011_997

Ауданымыздың құрметті азаматы Амангелді Мыңбаев ақсақал да сайланған әкімге табыс тілеп, ауылды дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екенін білдірді.

Салтанат Серікбайқызы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале