30.06.2025, 15:00
Оқылды: 400

Бәйтерек – есірткісіз аудан!

Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай Переметный ауылындағы орталық саябақта «Бәйтерек – есірткісіз аудан!» атты жастар акциясы өтті.

IMG-20250630-WA0004

Іс-шараны аудан әкімдігі, аудандық прокуратура және аудандық полиция, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің қолдауымен «Яңарыш» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Юлия Яфарова ұйымдастырды. Ауқымды іс-шараға ауданның бас прокуроры Алмас Меңлібаев, аудандық мәслихат депутаты Ерлан Қужумов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әли Темірбаев, БҚО Полиция департаментінің есірткі құқықбұзушылықтарының профилактикасы жөніндегі кеңесі мен консультативтік кеңесші органының мүшесі, қоғам белсендісі Әсел Мырзахметова, БҚО ММА федерациясының директоры Алмат Исентаев, «Alash Pride» лигасының чемпионы Аслан Өтегеналиев, «Жайық жұлдызы» қорының басшысы Талғат Чудобаев және аудан жастары қатысты.

IMG-20250630-WA0003

Салтанатты рәсімде сөз алғандар нашақорлықтың ауыр салдарына тоқталып, ел болашағы жастарды салауатты өмір салтына шақырды.

– Есірткі – халықаралық деңгейдегі дерт. Бұл індетпен бірлесе күрескенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз. Есірткіні сақтау, тасымалдау, тарату – қылмыстық жауапкершілікке алып келеді. Жастарды осы бағыттағы күреске белсенділікпен атсалысып, есірткісіз жарқын болашақты таңдауға шақырамын, – деді. Алмас Базарханұлы. Ал аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әли Марленұлы есірткі салдары толығымен жойылмайтын атап, бұл мәселемен күрес ортақ міндет екенін жеткізді. Нашақорлық жастардың физикалық және рухани дамуына орасан кесірін тигізетінін айтып, жұртшылықты оған қатысты ақпаратқа бей-жай қарамауға үндеді.

IMG-20250630-WA0002

Шараға арнайы шақырылған БҚО ММА федерациясының директоры Алмат Аманғалиұлы: «Есірткі – у. Оның соңы өлімге, қайғы-қасіретке әкелері анық. Бұл – отбасының күйреуі, жастықтың, болашақтың үзілуі. Есірткі таратушылар – қоғамды улайтын қауіпті күш. Сондықтан жастар мен ата-аналар күмәнді ұсыныстардан сақ болу керек. Жеңіл табысқа сеніп, қылмыстық жолға түспеу – әр жастың өз қолында», – деп өмірлік маңызды кеңестерімен бөлісті.

IMG-20250630-WA0006

– Бүгінгі күн – тек есірткімен күрес емес, бұл өмір мен денсаулықты, жарқын болашақты таңдауға шақыратын сәт. Нашақорлық – бір адамның емес, күллі қоғамның проблемасы. Болашағымыз – жастардың қолында. Сол себепті баршамыз ортақ мақсатқа жұмылып, жас ұрпақтың денсаулығын, санасын көлденең кеселден қорғауымыз қажет, – деді қоғам белсендісі Әсел Қажиахметқызы.

IMG-20250630-WA0005

Акция барысында Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағы арнайы жаттығулар мен тактикалық іс-қимыл үлгілерін көрсетіп, жас ұрпаққа нағыз ерлік пен табандылықты, спортты насихаттады.

Іс-шара концерттік бағдарлама мен би кешіне ұласты.

Гүлім Орда,

Бәйтерек ауданы 

IMG-20250630-WA0010 IMG-20250630-WA0001

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале