Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен «ЖасДем» жастар қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Бөкей хандығының 220 жылдығына орай қолға алынған «Еліме саяхат» жобасы аясында Хан ордасына экспедиция ұйымдастырды.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай көрсетілген дәстүрлі өнерді дамыту, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға бағытталған тарихи танымдық экспедицияға ауданның белсенді жастары, волонтерлер және «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары қатысты.
Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Жанар Губашеваның айтуынша, экспедицияның басты мақсаты – жастардың бойына жалпыелдік құндылықтарды сіңіру, «Еліме саяхат» жобасын жүзеге асыру, ел болашағы саналатын жастарды өңірдің киелі, қасиетті жерлерімен жақын таныстыру арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімдерді ұялату.
- Саяхат арқылы Қазақстан тарихы мен мәдениеті, табиғатына қызығушылығын тудыру және ішкі туризмін дамыту мақсатында қолға алынған экспедицияға ауданның белсенді жастары қатысты. Ел тарихының тың деректерімен танысқан жастарға экспедиция үлкен әсер етті. Болашақта еліміздің басқа да өңірлеріне сапарлауды жоспарлап жүрміз, - деді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Жанар Губашева.
Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Бөкей ордасы ауданына барған жастар 16 мыңнан астам құнды жәдігер сақтаулы тұрған тарихи-музей кешенін аралады. Хан үйі мен қазынашылық, Шәңгерей Бөкеевтің үйі мен қалпына келтіріле бастаған мешіт ғимаратын көрген бәйтеректік жастарға қыздар гимназиясы да ерекше әсер қалдырған.
Ал 1832 жылы хан ордасын құм баспас үшін айнала егілген қарағайлы орманға барған жастар кең байтақ қазақ елінің тамаша табиғатына тамсанды.
Сапар соңында жастар хан зираты пантеонына атбасын тіреп, бабалар рухына тағым жасап, құран бағыштады.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz