Орал қаласындағы Тұлбаев Мухаммед-Гариф мешіті «Білім - ырыс қазығы» атты қасиетті Құран кәрімнің 30-шы парасын жатқа және мәнерлеп оқу сайысын ұйымдастырды. Оған Орал қаласы мен аудандардағы мешіт жамағаты қатысты.
Құран оқу сайысын мешіттің бас имамы Қажымұқан Елтайұлы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталмыш білім бәйгесінде Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылдық округінің Асан елді мекенінде орналасқан мешіт жанынан ашылған қайырымдылық мекемесіндегі Құран жаттау курсының шәкірттері де қатысып, тамаша нәтиже көрсетті.
Білім додасының қорытындысында қайырымдылық мекемесінде білімін шыңдап жүрген Әділет Әліпқалиұлы бірінші орын иеленсе, осы мекеменің тағы бір оқушысы Арман Нуретов екінші орынға табан тіреді.
Білімділер додасында жүлде алғандар мен оған жетпей қалған болашақ қариларға да ұйымдастырушылар бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыстады.
- Бірінші орынға ие болған Әділет Әліпқалиұлының қайырымдылық мекемесіне келіп, білім алып жатқанына бір ғана ай болды. Бұл ол үшін де, біздің мекеме үшін де - үлкен жетістік. Болашақта шәкірттеріміз бұдан да жақсы нәтижелерімен қуантады деген сенім бар.
Биыл мамыр айында ашылған қайырымдылық мекемесінде білім шыңдап, Құран жаттаймын деген жандарға барлық жағдай жасалған. Шәкірттер еш уайымсыз сабақ оқиды. Оларға арнайы ұстаз Құран үйретсе, аспаз тамағын дайындап, қажетті жағдай жасайды, - дейді Асан мешітінің имамы Мұратбек қажы Жахатов.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz