Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына – 175 жыл. Осы атаулы мерекеге орай ауданда біраз игі шаралар қолға алынды. Солардың бірі – Абай күні мерекесіне орай өткен «Ұлылардың ұлысы – Абай» атты онлайн байқау. Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық ұйымдастырған бұл поэзия сайысына 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатысты.
Байқау шарты бойынша әр қатысушы Абай өлеңін оқып, бейнеролик түсіру және оны арнайы хештегпен инстаграм парақшасына орналастыру керек болды. Барлық 22 ауылдық округ жастары атсалысқан лайв конкурстың қорытындысында бірінші орынды Трекин ауылдық округінің атынан қатысқан Гүлнұр Бекташева иеленсе, екінші орын Дариян және Зеленый ауылдық округтерінің намысын қорғаған Камила Болатова мен Аида Сүндетқалиеваға, ал үшінші орын Январцев ауылдық округі атынан қатысқан Мира Төлепбергеноваға бұйырды.
- Артына өшпес із қалдырған Абай атамыздың өнегесін жалғастырып, аудан жастарын ұлтжандылыққа шақыру мақсатында осындай шараларды көптеп өткізуге тырысып жатырмыз. Ұлы ақын мұрасы қашанда ұрпақты елдікті қадірлей білуге үйретеді. Сондықтан көзі ашық, көкірегі ояу ұл-қыз өсіргіміз келсе, Абай өлеңдерін жаттатып, қара сөздерін оқытудан жалықпаған жөн, - дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың әдіскері Жанар Губашева.
Аружан Аманжол,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz