4.11.2024, 17:45
Оқылды: 168

Бәйтеректе ардагерлер арасында спартакиада ойындары өтті

Бәйтерек аудандық ішкі саясат бөлімі, «Бәйтерек» спорт клубы және «Шың» сазды-драма театрының ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» атты батагөй қариялар сайысы және ардагерлер арасында аудандық спартакиада ойындары өтті.

бата (1)

Іс-шара жас ұрпаққа «Бата» сөзінің қадір-қасиетін ұғындырып, батагөй үлкендерімізді құрметтеу, сондай-ақ бұқаралық спортты кеңінен насихаттау және аудан ардагерлері арасындағы байланысты нығайтуды мақсат тұтты.

Оған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешев, «Amanat» партиясының Бәйтерек аудандық филиалының төрағасы Бибігүл Ахметжанова және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғали Жолдасқалиев қатысты.

Сайысқа Достық, Шалғай, Атамекен, Егіндібұлақ, Переметный, Көшім, Зеленый, Янайкин, Бейбітшілік ауылдық округтерінен 50-ге тарта қария қатысып, бата беріп, шахмат, үстел теннисі, дойбы ойындары бойынша сынға түсті. Сайыс үш кезеңді қамтыды.

Алғашқы турда қатысушылар өздерін таныстырса, кейін бата оқып бақ сынасты. Ал үшінші кезеңде тақырыпқа сай бата айтты. Қорытынды сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешев жиналған жұртшылыққа алғысын білдірді.

– Ауданда 22 ауылдық округ бар. Ал ақсақалдарымыздың қатысу белсенділігі әлі де болса төмен. Алдағы уақытта осындай жастарға үлгі боларлық шараларда әлі талай жүздесеміз деп ойлаймын. Қазақта сөз бар «Күнінде болған жігіттің түп атасын сұрама» деген. Күнінде сіздерде елеулі еңбек атқардыңыздар. Сол еңбектің қазір зейнетін көріп отырсыздар. Бүгінгі іс-шара ұрпақ сабақтастығын насихаттауға бағытталған. Небір бата-тілек естіп, рухани байып қалдық. Салт-дәстүрлеріміздің ұмыт болмай, қайта жаңғыруына, жандануына себепкер болып жүргендеріңізге алғысым шексіз, - деді Мәлік Сейсенбайұлы.

бата (2)

Сайыс қорытындысына сай шахматтан переметныйлық Владимир Карамышев, дойбыдан атамекендік Сапарғали Жұмағалиев, үстел теннисінен әйелдер арасында көшімдік Әсия Қаибарова, ерлер арасында переметныйлық Төлеп Молтаев  1 орынды жеңіп алды. Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

Ал «Батаменен ел көгерер» байқауы бойынша І орынды янайкиндік Қайнарбек Төлешқалиев иеленді:

Сұрасаң бата берейін,

Биікте болсын мерейің!

Ықыласпен қол жайып,

Ақ тілекті төгейін.

Бастарыңа бақ берсін,

Не берсе де нақ берсін.

Қырда жорыған Қыдырды,

Үйлеріңе алып келсін.

Дендеріңіз сау болсын,

Дастарханыңыз мол болсын.

Достарыңыз көп болсын,

Қора толған мал болсын.

Үйлеріңізде той болсын,

Қазан-ошақ майлы болсын.

Көліктеріңіз жайлы болсын,

Алладан не сұрасаңыз,

Соның барлығы қабыл болсын!

Әумин!

Салтанат Зұлқарнаева

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале