2.07.2024, 12:01
Оқылды: 112

Бәйтеректе баспана құрылысы қарқын алды

Өңірде «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасының серпін алғаны белгілі. Бұл бағдарлама ауылдағы ағайынның тұрмысын көтеріп, шекаралық аймаққа қоныстанушылар санын өсіріп, атамекенге жастарды тартуға бағытталған. Ауылға көшемін деушілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да зор. Соның бірі бүгінгі таңда Кирсанов, Красноармейск, Сұлукөл, Құрманғазы, Чиров және Раздольный ауылдарында қоныстанушыларға арналған баспана құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

6AE463F2-6384-4C6A-9B76-7F98F567D069

Жауапты сала мамандарымен бірге құрылыс жұмысын қадағалауға шыққан аудан әкімі Марат Тоқжанов тұрғын үйлерге жарық, газ, су тарту мәселесінің де уақтылы реттелуін тапсырды.  

– Үйлердің барлығы жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларына берілмек. Бүгінде аудан бойынша 48 үй салынып жатыр. Оның 13-і 17 млн, қалған 35 үй 9 млн-ға бағаланды. Шілденің аяғына дейін барлық үйді тапсырып, сосын қабылдауымыз керек. Бұдан бөлек Махамбет ауылында 6 үйіміз бар. Бұл тасқын судан зардап шеккендерге салынып жатқан үйлер. Бұл да шілде айында толықтай аяқталмақ. Бүгінде шекарада тұрған 9 ауылдық округ пен 19 елді мекен бар. Үй салмастан бұрын біз мұнда инфраструктураны әкелген болатынбыз. Қатынайтын жол құрылысын жүргіздік. Енді бастап үй салып жатырмыз. Келетін адамдардың басым бөлігі көпбалалы отбасылар. Мәселен, Чиров ауылында орыс тілінде білім беретін мектеп бар. Біртіндеп онда қазақ сыныптары ашылуда. Бұған дейінде Чиров ауылында үш үй сатып алған болатынбыз. Екі үйді біз өзіміздің аудандық бюджетке сатып алдық та бір үйге кәсіпкер демеушілік көрсетті. Оған бүгінгі күні біз 5-6 балалы жанұяны көшіріп әкелдік. Қазір мектепте біртіндеп бала саны өсіп келеді. Мына баспаналар ел иігіліне берілгенде бала саны жетіспеу, мектепті жабу жөніндегі түйткіл түбегейлі шешіледі деген ойдамыз. Кирсанов, Раздольный, Сұлукөл ауылдарында да осындай мәселе бар. Үй құрылысын қазір жергілікті кәсіпкерлер жүргізуде. Кейін аудан әкімдігі республикадан арнайы бөлінген қаражатқа бұл нысандарды сатып алып, жоғарыда айтқан талаптарға сай отбасыларына береміз», - деді Марат Лұқпанұлы.

FEA5200B-F001-4C27-93B6-B6EDC4994781

«Қаладан – ауылға» бағдарламасының шекаралық аймақтар үшін маңызы зор. Өйткені, шекара – ел шебі. Ондағы халық санының азаймауы, жердің бос қалмауы саяси географиялық тұрғыдан да өзекті мәселе. Бүгінгі таңда аталған бағдарламаның ауданда кеңінен насихатталып, сол арқылы аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдай, демографиялық ахуалдың жақсаруына екпін қойылған.

Осы орайда ауылға көпбалалы отбасылар үшін тұрғын үй мәселесін оңтайлы шешу мақсатында Кирсанов, Красноармейск, Сұлукөл, Құрманғазы, Чиров және Раздольный ауылдарында сегіз пәтерлік төрт баспананың құрылысы жүріп жатыр.

7442AD15-3BBB-4143-A5E3-8A0A69D283AE

Бір қынжылтатыны, жергілікті тұрғындардың құрылыс басындағы жұмыс орындарына кірісіп, табыс табуға деген ыждағатының аздығы. Сол себепті де кәсіпкерлер қазіргі таңда жұмыс күшін сырттан тартуға мәжбүр.

Гүлім Орда

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале