Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі көшпелі отырысы алғашқы жұмысын Бәйтерек ауданынан бастады.
Алдымен аудан жастары алдында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов мемлекеттік жастар саясатын жүргізу жұмыстарындағы тың жобаларымен бөлісті.
- Баршаңызды Жастар жылымен және де бәйтеректіктерді жаңа атауға ие болуларыңызбен құттықтаймын.
Елбасымыздың сындарлы саясаты арқасында биыл Жастар жылы боп жарияланды. Жастар жылында қордаланып қалған мәселелерді бірлесе отырып, шешуіміз қажет.
Жастар әркез алда болуы шарт. Елімізде мемлекеттік жастар саясатын жүргізуде көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Бағдарламалардың барлығы да жастар арасындағы жұмыссыздықты жою, олардың қоғам алдындағы белсенділігін арттыру, жастардың арзандатылған үйлерге несие алуға қол жеткізуін қамтамасыз ету бағытталған.
Сіздің ауданда да жастармен жүргізілетін шаралар жақсы жолға қойылған. Соның ішінде ауыл жастарының бос уақытын тиімді де мағыналы ұйымдастыру мақсатында Дариян ауылында ашылған «Шабыт» коворкинг орталығын айтуға болады, - деді Ғабидолла Абдоллаұлы.
Отырыста аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Алмат Қажымұрат, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Алексей Герасимов сөз сөйлеп, аудандағы жастардың белсенділігі, олардың жұмыспен қамтылуы барысына тоқталды.
Жалпы аудан бойынша жастар саны 12 040. Жұмыссыздық мәселесі бойынша ресурстық орталықтан кеңес алуға 223 жас жүгінсе, оның ішінде 65 жас тұрақты жұмысқа орналасқан.
- Өткен жыл ішінде 50 жас «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша уақытша жұмысқа орналасты. Оның ішінде алғаш рет Переметный ауылында жергілікті бюджеттен қосымша еңбекақыға қаражат қаралып, 10 сарбаз «Бейітшілік пен келісім» және «Астана» саябағында еңбек етті. Сонымен қатар 54 жас «Жастар тәжірибесі» арқылы уақытша жұмысқа орналасты. Жыл бойы ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен 242 шара өткізілді, - дейді А.Қажымұрат.
Отырыс жұмысы барысында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сақошев облыс жастары алдында тұрған маңызды міндеттер мен биылғы Жастар жылы аясында атқарылмақ тың жобалармен таныстырды.
Аян Қажымерұлы аудан жастары назарына мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жұмыстары шеңберінде жүзеге асатын 4 бағытты ұсынды.
Атап айтар болсақ, жастарды жұмыспен қамту, жастарды сапалы және қолжетімді біліммен қамтамасыз ету, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жұмыстары және «Жастар корпусы» бағыты.
Жиында аудан жастары өзіндік ойларын ортаға салып, ауылдық округтердегі жастар мәселелерін тілге тиек етті.
Жастар атынан сөз алғандардың бірі дарияндық Мәрзия Қонысбаева:
- Дариян ауылдық округінде 1323 жас тіркелген. Әсіресе, салауатты өмір салтын ұстанған, спортты серік еткен жастардың қатары өте көп. Жастардың үнемі бас қосатын ордасы – «Шабыт» коворкинг орталығы. Алдағы уақытта орталықта елімізге танымал тұлғалар тегін тренингтер өткізсе, жақсы болар еді,- деген ойын ортаға тастады.
Көшпелі отырысты аудан әкімі Асхат Берлешұлы қорытындылады.
Ертай Бимұханов,
Бәйтерек ауданы
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер