Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері арасында «Тілге құрмет – елге құрмет» атты челлендж жариялаған болатын. Өңіріміздегі мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің қатарын көбейтіп, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, өзге этнос өкілдерін қазақ тілін үйренуге шақыру мақсатында ұйымдастырылған челленджге бәйтеректік азаматтар да белсенді қатысты.
Тіл мерейін асырған челленджге ауданның орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқырмандары атсалысқан. Онлайн-шараға орыс, татар, неміс, әзірбайжан, чуваш, украин, белорус ұлтының өкілдері өздерінің видеоларын жолдаған. Барлық контент орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әлеуметтік желідегі парақшаларына салынды.
Жуырда «Бәйтерек» мәдени-ағарту және тынығу орталығында челленджге белсенді қатысқан аудан тұрғындары марапатталды. Барлық санитарлық талаптардың қатаң сақталуымен оздырылған жиында аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов, кітапхана қызметкерлері мен челленджге қатысушылар болды.
-Көпұлтты мемлекетімізде қазақ тілін үйреніп, мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің көбейіп келе жатқаны — жақсылықтың нышаны. Бүгінде өзге ұлт өкілдерінің қазақтың тілін ғана емес, салт-дәстүрін де дәріптеп жүргені қуантады. Қазақ тіліне деген құрметін көрсетіп, ана тіліміздің дамуына аздап болса да үлесін қосқан аудан тұрғындарына алғыс білдіремін,- деді шара басында аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.
Кейін Ерікқали Ғұмарұлы челлендж қатысушыларына алғысхат табыс етті.
Жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр сөз алып, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай жоспарланған салт-дәстүрімізді, мемлекеттік тілімізді, қоғамдық сананы жаңғырту мен рухани жаңғыруды іске асыру және ұлтаралық бірлікті нығайту бағытындағы жұмыстар онлайн форматта өтіп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол өз сөзінде челлендждің өтуіне зор үлес қосқан кітапхана қызметкерлерінің еңбегін атап өтті. Бұдан бөлек, Нұржан Тоғызбайұлы алда келе жатқан 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің форумын өткізу жоспарда бар екенін де жеткізді. Сонымен қатар аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық аудан жастарының тілдік базасын жасақтағанын да атап өткен ішкі саясат басшысы мемлекеттік тіл мәртебесін дамыту жұмысы әрі қарай да өз жалғасын табатынын атап өтті.
Шара соңында келген қонақтар да ана тілімізді дамыту және жетілдіру туралы өздерінің ойларын білдіріп, пікірлерімен бөлісті.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz