14.11.2025, 10:00
Оқылды: 156

Бәйтеректе электр желілерін жаңарту қолға алынды

Бәйтеректе «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында АӨК құрып, оған біріккен тұрғындар табыс тауып, тұрмысын түзей бастаған екі ауылдық округ бар. Соның бірі – Макаров. Бұл округқа қарасты Жалын ауылы тұрғындарының ұйымшылдығы, еңбекқорлығы өзгелерге үлгі.

IMG-20251114-WA0006

Бұл туралы аудан әкімі Марат Тоқжанов Рубежин, Чиров, Құрманғазы, Сұлукөл ауылдық округтерінде өткен есептік кездесулер кезінде мәлімдеді.

Рубежин ауылында өткен жиында округ әкімі Арман Жұмағалиев баяндағандай, биыл көктемде болған осындай есептік кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер біртіндеп шешімін табуда. Мәселен, «Рубежинский» АШК-ның демеушілігімен ауылдық клуб төбесіне кезекті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Рубежин мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің балабақшасындағы орын 25 бүлдіршінге арналған. Қазір орын толық болуы себепті ата-аналардан өтінім қабылданып жатқан жоқ. Бұл мәселе бұйыртса келесі жылы шешіледі. Яғни ауылдық округ орталығынан «Рубежинский» АШК 100 балаға арналған балабақша салуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда нысан орны анықталды. Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның тарлығы да тұрғындарды мазалап жүр. Сол себепті жаңа заманауи мидициналық ғимаратын салу мәселесі аудандық аурухана басшылығының назарына алынды.

IMG-20251114-WA0001

Есептік кездесуде рубжиндіктер жайылым, шабындық жерлердің жетіспеуі, ауылды абаттандыру секілді мәселелерді көтерді.

- Еренбей еңбек ететін адам болса, Рубежинде көп жағдай бар. Бізде Макаров деген шағын ауылдық округ барын білесіздер. Онда жер телімі жетіспейді. Соған қарамай ондағы тұрғындар көкөніс егіп, нәпақасын тауып жүр. Ал осы округке қарасты Жалын деген ауылдың аумағында бар болғаны 200 гектар. Кезінде олар да жайылым мәселесін көтерді. Жоқ жерді қайдан аламыз? Біз «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бақша егуді ұсындық. Жалындықтар ұсынысымызды қабыл алған соң ондағы отбасыларға 1 гектардан жер бердік. Сөйтіп олар негізінен қырыққабат өсіруге ден қойды. «Еңбек етсең, емерсің» демекші, олардың әлеуметтік жағдаы шүкір. Еңбек етіп жатқан жанды көргенде оларға өзің де барынша көмектескің келіп тұрады. Бақша суаруға байланысты бізден электр қуатын жеткізіп беруді сұраған соң оларға жәрдемдестік. Өнімдерін өткізуде жолға қойылды. Жалпы алғанда «Ауыл аманатына» қатысушылардың бәріне біз көмектесудеміз. Ал Рубежинде жер көп, бірақ еңбек етіп жүргендер аз. Жалында мұндағыдай жағдай жоқ: ауыл күре жолдың бойында емес, іргесінен Жайық өзені ағып жатқан жоқ, ауылдың кіре беріс және ішкі жолдар жөндеуден өтпеді... Соған қарамастан ауыл тұрғындары жұмыс істеп, ырыздықтарын тауып жүр. Айта кету керек, мақсатқа сай пайдаланылмағын үшін Рубежиндегі 700 гектардай жер ауылдық округке қайтарылды. Қазір округтағы мал саны белгіленген норматив бойынша жайылатын жер көлемінен әлдеқайда аз. Сол себепті ауыл әкімі жер бөлімі мамандарының қатысуымен жергілікті қоғамдық кеңесінің жиналысын өткізіп, жерді тиімді пайдалану бойынша жұмыстануы керек, - деді Марат Лұқпанұлы.

IMG-20251114-WA0007

Чиров ауылдық округінің әкімі Николай Штык тұрғындар мен әлеуметтік нысандар таза су құбырына қосылып жатқанын, Балабанов елді мекенінде ауыз суға арналған модульді блок қойылғанын айтты. «Чировтықтарды көптен бері алаңдатып жүрген өзекті мәселе биыл өз шешімін тапты, - деді Николай Петрович.

- Ол – біздегі су қоймасындағы платина жағдайы болатын. Бюджеттен бөлінген қаржы есебінен ол жөндеуден өтті. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жұмыстар толық жүргізілді. Ұзыныдығы 354 метр болатын қауіпті учаскеде бөгет қайта жасақталды. Оған мықты бетон плиталар қойылды. Су өткізгіш құрылғылар да нығайтылды. Сол үшін аудан басшылығына, құзырлы құрылымдарға айтар алғысымыз зор».

IMG-20251114-WA0012

Кездесуде аудан басшысына сұрақтарын қойған жергілікті тұрғындар өздерін ауылішілік жолдың жайы мазалайтынын жеткізді. Ауылда бар болғаны 5 көше бар, ауылішілік жолдың жалпы ұзындығы 4 шақырым. Аудандық ТҮКШАЖ бөлімінің басшысы Аслан Даубаевтың сөзінше, мұндағы ауылішілік жолды жөндеуге 380 млн теңгедей қаржы керек. Аудан әкімі былтырғы су тасқынының салдарын жоюға бюджеттен үлкен қаражат бөлінуіне байланысты биылға және алдағы жылға жоспарланған жобалар кейінгі қалдырылып жатқанын айтты. Дегенмен де шағын ауылдағы бұл мәселені шешуге тырысатынын жеткізді.

2023 жылы Құрманғазы ауылына орталықтандырылған су құбырының құрылысы басталған еді. Ол биыл іске қосылып, қазір 35 үйгдің тұрғындары таза ауыз суды тұтынып отыр. Аталмыш ауылдық округ әкімі Әдемі Жұманиязова осы жылы ауылға 145 жаңа электр бағаны орнатылып, 8 шақырым сип кабель тартылғанын да баяндады. Ауыл тұрғындары электр желілерінің жаңартылуына қуанышты екендерін жасырмады. Әйтпесе күні кешеге дейін қыста, қатты жел, дауыл күндері электр жарығы жиі сөнетін. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табатынын жеткізді. Бүгінде Байқоныс, Мичурин ауылдық округтерінде электр желілері жаңартылып, жаңа бағытта жұмыс істеп жатқанынын айтты. Сөйтіп жыл сайын 2-3 ауылдық округтардағы электр желілері мен бағандары жаңартылатын болады.

IMG-20251114-WA0010

Тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселе ауылдағы малдардан бруцеллез ауруының шығуы жөнінде болды. Оған қатысты аудандық ветеринарлық станция мен ветеринарлық инспекция басшысы  түсініктеме берді.

Сұлукөл ауылдық округінің әкімі Жаслан Қойшыбаев өз баяндамасында айтып өткендей, биыл да ауыл тұрғындары қысқа жақсы дайындықпен кіргелі отыр. 27 мың центнер мал азығы дайындалды. Негізінен сұлукөлдіктер сүт бағытындағы ірі қара малын ұстайды. Дарияндағы «Каварин» ЖК-ның автокөліктері арнайы келіп тұрғындардан сүт қабылдауда. Жергілікті атқарушы құрылым мұнай компанияларымен, шаруашылық, жеке кәсіпкерлік құрылымдарымен жақсы байланысты. Олардың демеушілігімен ауылда түрлі қоғамдық-саяси, мәдени, спорттық бағыттағы түрлі іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып, оған ауыл тұрғындары, соның ішінде жастар белсенді қатысады және ауылға, мектепке қажет құрал-жабдықтар сатып алынуда.

IMG-20251114-WA0011

Жиын барысында ауылда электр желілерінің тозығы жетуі себепті светтің жиі сөнуі, ауылда жаңадан салынған үйлердің салқын болуы секілді мәселелер көтеріліп, оларға аудан, ауыл басшылығы мен құзырлы құрылым өкілдері тарапынан нақты жауаптар берілді.

 

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале