4.12.2024, 23:00
Оқылды: 7

Бәйтеректе іскер әйелдер бас қосты

Бәйтерек ауданына қарасты Переметный ауылында өткен «Әйел – өмірдің кілті» атты іскер әйелдер форумында өз ісінде көшбасшы, алғыр, табысты нәзік жандылар бас қосты. 

әйелдер форумы (4)

Оған ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко, тележүргізуші, «Таспалаб» медиа студиясының басшысы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Миссис Қазақстан, көпбалалы ана Гүлназ Әлімгерей, «ОралАгро» ЖШС-нің қаржы директоры Альфия Кинжеева, маркетолог Ермұхан Еркінғали, «Айту-Ай» ауыл шаруашылығы кооперативі басшысы Ләззат Сейткереева, жеке кәсіпкерлер Шолпан Куспаева, Әсел Ижанова, Айзада Амангалиева қатысты.
Форумның салтанатты рәсімі еліміздің Әнұранымен басталды. Жиында ауыл-аймақтарды тұрақты дамыту, әйелдерді көптеп кәсіпке тарту, оларды жұмыспен қамту мәселелері мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін түсіндіру мәселесі кеңінен талқыланып, белсенді қыз-келіншектер марапатталды. Форумда сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов қазіргі қоғамдағы әйел затының рөліне айрықша атап, аудандағы табысты бұрымдылар жетістігін тоқталды.

әйелдер форумы (3)
- Құрметті форумға қатысушылар, қадірлі іскер әйелдер! Бүгінгі күні ауданымызда 3229 бизнес субъектісі тіркелген, оның ішінде 1356-сы іскер әйелдер болып табылады. Бұл дегеніміз, ауданымыздың дамуына 42% кәсіпкер әйелдер өз үлестерін қосуда. Бұл — өте жақсы көрсеткіш. Жылдан жылға ауданымызда орта есеппен 107-108 пайызға дейін жаңа кәсіпкерлік нысандары ашылуда. Мемлекеттік гранттар мен «Ауыл аманаты» сынды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда да сіздердің үлестеріңіз айтарлықтай. Әйел заты табиғатынан нәзік болғанымен, олар кез келген қиындыққа төзімділік танытып, нық шешімдер қабылдай біледі. Әйелдер бойында мінсіз логикалық талдау қабілеті, ұйымшылдық пен жауапкершілік бар. Бұл қасиеттер оларды кәсіпкерлік саласында табысты болуға жетелейді, - деді аудан әкімі Марат Лұқпанұлы.

әйелдер форумы (2)

Қарапайым мектеп мұғалімінен бастап, бүгінгі күні мемлекет деңгейінде шешімдер қабылдайтын ықпалды тұлғаға дейінгі жолды өткерген бүгінде ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко өзінің қызметі барысындағы еліміздің гендерлік саясатындағы маңызды өзгерістерді баяндады. Қазақстанның әйелдер мен отбасылары жағдайын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар, соның ішінде әйелдердің тең құқығы мен тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу туралы заңдар, оның нәзік жандылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлесіне тоқталды. Әйелдерге арналған саяси және қоғамдық өмірдегі жаңа мүмкіндіктерді, ұлттық комиссияның өңірлерде әйелдер көшбасшылығын дамыту бойынша көптеген жобалар жүргізуде екенін атады. Сондай-ақ Батыс Қазақстан өңіріндегі Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысына оң бағасын берді. Осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастыруда зор қолдау білдірген облыстық Іскер әйелдер кеңесі мен аудан әкімідігіне алғысын айтты.
- Әйелдер қоғамда үлкен рөл атқарады, әсіресе кәсіпкерлік саласында. Біз өзіміздің жеке істерімізді жүргізіп, отбасымызды қолдап, қоғамымызға пайдалы жобаларды іске асырып келеміз. Жыл сайын кәсіпкерлік саласында әйелдердің саны артып, олардың жетістіктері айтарлықтай байқалуда. Бұл – біздің ақыл-жігеріміз бен ынтамыздың көрінісі. Бұл бағытта мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, гранттар мен түрлі бағдарламалар да біздер үшін үлкен мүмкіндік. Осы қолдауларды тиімді пайдаланып, жаңашылдыққа ұмтылып, өз білімімізді жетілдіріп отыруымыз қажет. Форумның нәтижесінде, мен біздер тек жаңа ақпараттар алып қана қоймай, сонымен бірге жаңа серіктестермен, инвесторлармен танысып, болашақта бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндік алатынымызға сенімдімін,-деді ол.

әйелдер форумы (1)
Форум аясында спикер Шолпан Насиболлақызы Әйелдер қауымының шығармашылық дамуы туралы әңгімелесе, Гүлнар Әлімгерей жеке брендті қалыптастыру жайында келелі ой қозғады. Альфия Кинжеева жетістікке жету тарихын баяндап, тәжірибесімен бөлісті. Отбасылық өмір мен бизнесті қатар алып жүрудің жолдарын жіктеп берді. Ермұхан Еркінғали «Маркетинг - қарапайым тілмен», Ләззат Сейткереева «Жеке кәсіпті дамыту жолдары», Әсел Ижанова «Шексіз мүмкіндіктер», Айзада Амангалиева «Қайтарымсыз грант - бизнесті тиімді дамытудың тетігі» тақырыбында баяндама жасап, қатысушылармен ой бөлісті.
Іскер әйелдер форуымының екінші бөлімі марапаттау рәсімімен ұласты. Әр ауылдық округтердегі белсенді, кәсіпкер әйелдер қауымына аудан әкімінің алғысхаты табысталды. Жиын соңында жергілікті көркемөнерпаздар әсем ән шырқап, барлық қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Гүлжаз Баделова

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале