Бәйтерек ауданында ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығына орайластырылған шаралар басталды.
Алдымен орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері «Қазақ жырының Қадыры» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырды.
Қазақ поэзиясы төрінен ойып тұрып орын алған ақынның шығармашылығы мен өмірі жайында тереңнен сыр шерткен кешке кітапхана оқырмандары, ауыл ақсақалдары мен мектеп оқушылары қатысты.
Кеш барысында жиналғандар ақын сөзіне жазылған әндерді орындап, өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ Қадыр Мырза Әли туралы естеліктер айтты.
Сондай-ақ ауданға қарасты Дариян ауылындағы мектеп-гимназия интернатының жоғары сынып оқушылары мен Дариян ауылдық кітапханасының қызметкерлері «Қадыр Мырза Әли лирикасы – шындықтың айнасы» атты танымдық кеш өткізді.
Железнов ауылы да Қадыр ақынның 85 жылдық мерейтойына арналған «Елі сүйген Қадыр ақын» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырды.
Ауыл тұрғындары түгел қатысқан кеш барысында ақынның «Балға мен шеге», «Тілсіз ту», «Ана» өлеңдері оқылып, ақын сөзіне жазылған «Өз елім», «Сыған серенадасы», «Тамды аруы», «Жалқаубек» сияқты әндер орындалды.
Ауданда ақынның мерейтойына арналған шаралар әлі де жалғасады.
Түгелбай Бисен
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер