Бүгінде Бәйтерек ауданының шаруалары күздік бидай ору науқанына кірісті. Алғаш болып бұл науқанды «Лихачев», «Абат» және «Матевосян» шаруа қожалықтары бастады.
Егін ору қалай жүріп жатқанын өз көзімізбен көрмек ниетпен далаға шығып, «Матевосян» шаруа қожалығының алқабына кірдік. Бізді қарсы алған қожалық иесі Алекандр Сергеевич биылғы қара бидай өнімділігі жақсы екенін айтты.
-5070 гектар жерге күздік бидай еккен едік. Қазір соны оруға кірісіп жатырмыз. Өнімділігі көңілден шықты. Әр гектарынан 40 центнер өнім алудамыз. Дән сапасы да жақсы. Соңғы жылдары ел үкіметі егін еккен шаруаға мықты қолдау көрсетіп келеді. Жыл сайын жаңа техника алудамыз. Бүгін жаңа үлгідегі «Джон дир» комбайнын алдық,- дейді «Матевосян» шаруа қожалығының басшысы Александр Матевосян.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, биыл шаруалар 134300 гектар жерге дәнді дақыл еккен. Оның 55 мың гектардан астамы күздік бидай. Күні бүгінге дейін 7750 гектар жердегі дақыл орылған. Қара бидайдың орташа шығымдылығы 28,1 центнерді құрауда екен.
-Егін ору жұмыстары қыза түсті. Қазіргі таңда қамбаға 21 мың тоннадан астам бидай түсті. Ең жоғары өнімділікті әзірге «Бәйтерек шаруа қожалығы көрсетуде. Олар әр гектарынан 45 центнер өнім алуда,- дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Лауаз Уәлиев.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz