Бәйтерек аудандық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағының кезекті есеп беру-сайлау конференциясы өтті.
Кәсіподақ төрағасы Нұржан Дүзбатырдың төрағалығымен өткен конференция жұмысына аудан әкімі аппаратының басшысы Болатбек Ахметжанов арнайы қатысты.
Конференцияның күн тәртібінде Бәйтерек аудандық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағының атқарылған жұмысының есебін тыңдау, кәсіподақ атқару комитетінің жаңа мүшелерін, төрағасын, тексеру комиссиясының жаңа құрамын және кәсіподақтың облыстық конференциясына делегат сайлау мәселелері қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Кәсіподақтың өткен жылдары атқарылған жұмыстары туралы баяндаған төраға Нұржан Тоғызбайұлы сала қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы, олардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан лайықты қамтамасыз етілуі, денсаулығын нығайту, еңбек дауларының алдын алу мен оларды шешу сияқты негізгі мәселелерге тоқталды.
– Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан» жолын ұсынды. Бұл қандай бағыт? Бұл туралы соңғы жылдары елімізде саяси реформа тұрғысында жасалған алғашқы қадамдарды айтсақ та жеткілікті. Ендеше Жаңа Қазақстанды құру – Қазақстан халқының ортақ міндеті. Президенттің Жаңа Қазақстан құру туралы бастамасы жалпыұлттық идеяға айналу үшін ең алдымен әр мемлекеттік қызметші, кәсіподақтың әр мүшесі өзінің сана-сезімін өзгертуге бейімделуі тиіс. Жергілікті атқарушы органның әрбір өкілі, қоғамның әрбір қарапайым азаматы ел тағдырына тікелей қатысы бар екенін түсіну керек. Бізде материалдық тұрғыдан да, зияткерлік тұрғыдан да бұған қажетті барлық ресурс бар, - дей келе әріптестерін кейінгі жастарға үлгілі жол көрсетуге, қызметте жоғары жауапкершілік танытуға шақырды.
Аталмыш кәсіподақ бойынша ауданда 36 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған, онда 656 мүше бар.
Аппарат басшысы Болатбек Аманжолұлы жаңа кезеңге кәсіподақ төрағалығына Нұржан Дүзбатырдың кандидатурасын ұсынып, қатысушы делегаттар тарапынан толықтай қолдау тапты.
Салім Мәмбеталиев
Бәйтерек ауданы