Ұлттық спортты дамытып, Бәйтерек ауданындағы талантты жастарды қазақ күресіне баулу мақсатында құрылған ұйымның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров, облыстық қазақ күресі федерациясының вице-президенті Әсет Сұлтанұлы, Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиев, Бәйтерек ауданы қазақ күресі федерациясының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Нұрлыбек Хайруллин, ауыл тұрғындары мен жас палуандар және спорт жанашырлары қатысты.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен келе жатқан Наурыз мерекесіне орайластырылған шара басында аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев сөз алып, жаңа ашылған федерация жұмысына сәттілік тіледі.
-Аудан жастарын қазақ күресіне баулып, салауатты өмір салтын қалыптастыру және ұлттық спортты дамыту – біздің басты мақсатымыз. Ашылған федерация үлкен жұмыстың бастауы ғана.
Көптен ойда жүрген мәселені іске асыруға көмек көрсеткен және ашылуына бірден-бір себепкер болған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, ұлт спорты жанашырларына алғыс білдіремін. Енді жаңа федерация ауданда қазақ күресінің дамуына жол ашып, талай игі істерді атқарады деген ойдамын,- деді Е.Бисақаев.
Сондай-ақ Ерікқали Ғұмарұлы өз сөзінде қазақ күресін дамытуды қолға алған ұйымның ашылуына атсалысқан Бекболат Шканов, Еркін Насыров, Мүслім Айтжанов және тағы басқа кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
Кейін аудандық қазақ күресі федерациясының төрағасы Нұрлыбек Хайруллин сөз алып, аудан жастарын спортқа баулуға және қазақ күресін дамытуға күш салатынын жеткізді.
-Соңғы кезде қазақ күресі жақсы дамып келеді. Осы кезге дейін өңіріміздің үш ауданында ұлттық күрес федерациясы болған болса, Бәйтерек ауданы бұл кезекке төртінші болып тіркелді. Бұл – елдегі азаматтардың ұлттық спортымызға деген жанашырлығының ғана емес, ауызбіршіліктің бар екенінің көрінісі. Бастама басқа аудандарға үлгі болса дейміз. Ұлт күресін дамытуды қолға алған аудан басшылығына және осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға ризашылығымды білдіремін.
Бүгінгі ашылған федерация облыс қана емес, республика көлеміндегі үлкен істерді атқаруға өз септігін тигізеді деген сенімдемін,- деді Қ.Есендияров.
Сонымен қатар Қаймен Есенаманұлы игі істі қолына алған федерация жұмысына сәттілік тілеп, аудан спорты одан әрі дами берсін деген тілегін білдірді.
Шара соңы жергілікті жас палуандардың оқу-жаттығу жиынына ұласты
Түгелбай Бисен
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz