Жаңа оқу жылы басталды. Карантин ережелерінің толық алынбағанына байланысты бастауыш сынып оқушылары штаттық режимде оқуға кіріскен болатын. Сол себептен мектеп оқушылары мен ата-аналарға барлық сақтық шараларын қатаң ұстанып, жол жүру ережелерін де қаперден шығармаған абзал.
Осы орайда Бәйтерек аудандық полиция бөлімі «Внимание дети», «Азбука ПДД» акцияларын өткізуде. Аудандық полиция бөлімінің бірінші орынбасары Манарбек Нәжиев Қасым Аманжолов мектебінің ұстаздары, бастауыш сынып оқушылары және ата-аналармен кездесу өткізіп, жол ережелерін қатаң сақтау керек екенін ескертсе, жергілікті полиция қызметінің лейтенанты Асқар Наурызов Переметный орта мектебінің оқушыларымен кездесіп, жол ережелерін түсіндірді.
Қыркүйектің екісінен онына дейін созылатын профилактикалық шара барысында мектеп оқушылары және ата-аналарға жол жүру, жолды кесіп өту ережелері, бағдаршам талаптары түсіндіріліп, негізгі жол белгілері көрсетілетін болады.
Аружан Болатбекқызы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz