Бәйтерек ауданының 85 жылдығы, жастар ресурстық орталығының 10 жылдығына орай «Еліме саяхат» жобасы аясында аудан жастары Егіндібұлақ ауылдық округіне барды. Ондағы «Хафиз» қорымында өлкетану экспедициясы өтті.
Ауданның көрнекті мұраларын, ерекше жерлерін жастарға көрсетуді мақсат тұтқан іс-шараға «AMANAT» партиясы Бәйтерек аудандық филиалының төрағасы Бибігүл Ахметжанова, аудандық мәслихат депутаты Әсел Ижанова, Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі Ринат Ескендіров, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанар Ғұбашева және «Жасыл ел» еңбек жасағы сарбаздары қатысты.
– Конституция күніне орай ұйымдастырылған экспедиция жоғары деңгейде өтіп жатқаны қуантады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде жастар еліміздің қоғамдық өміріне белсенді түрде араласып, өз ұстанымына берік болып, түрлі идеялар ұсынып, оларды іске асыруға атсалысқаны жөн екені атап өткен болатын. Өлкеміздің көркейіп дамуына атсалысып жүрген сіздерге ризашылығымды білдіремін, - дейді іс-шараның ашылуында сөз алған Бибігүл Мендіғалиқызы.
Содан соң «Соколов шыңында» ту тігу рәсімі, «Хафиз» қорымында бұлақ көзін ашу жұмысы жүргізілді.
Ту көтеру рәсімін ережесіз жекпе-жектің жеңімпазы, Дариян ауылдық округінің тұрғыны Руслан Қайыржанов пен бес асықтан аудан және облыс жеңімпазы Ульяна Маслова орындады.
Содан соң Егіндібұлақ ауылының кітапханашысы Данагүл Алхамова көрікті жерлердің тарихын айтып берді. Оның сөзінше, ауданның ең биік нүктесі – солтүстік-батысында орналасқан Соколовка ауылынан батысқа қарай 3 шақырым қашықтықта орналасқан теңіз деңгейінен 191 метр биіктіктегі Соколов шыңы. Жиналғандар одан кейін «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Хафиз» қорымына барды. Мұнда «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары мен еріктілері бірігіп бұлақ көзін ашты.
Шара соңында «Жасыл ел» еңбек жасағының биылғы маусымының жабылу салтанаты өтті. Сарбаздарға «Жасыл елдің» облыстық штабы жетекшісінің атынан марапаттар табысталды.
Салтанат Серікбайқызы
Егіндібұлақ ауылы