13.09.2024, 19:00
Оқылды: 138

Бәйтеректе өткен жиында АЭС құрылысының экономикалық, экологиялық аспектілері айтылды

6 қазанда өтетін АЭС салу жөніндегі референдумның Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызы зор. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында айтты. Осыған орай еліміздегі беделді саяси және қоғамдық ұйымдар АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабқа бірікті. Жолдау мен онда аталған референдумды талқылау мақсатында Бәйтерек ауданында мәдениет қызметкерлері арасында алқалы жиын өтті.

9be9efd0-9abd-4289-bfae-7663277ba186

Басқосуға аудандық «AMANAT» партиясы арқылы халықтық штаб құрамындағы Ләззат Қажығалиева, аудандық ОКЖ директоры Жеңісгүл Жаңабаева және қоғамдық өмірде, саяси науқандарда белсенді еңбек ардагері Николай Анципрович қатысып, ой-пікір білдірді.

-Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы Жолдауы несімен ерекше? Алдымен осыны жіктеп алсақ. Осыған дейінгі Жолдаулардан жалақы, несие, жұмыс орындары мен министрліктен қандай тапсырма беріледі деген ішкі мәселелерді естіп келдік. Ал бұл Жолдау ауқымды, жаһандық жалпы халықтық қауіпсіздік пен салық саласын қамтып, белгілі бір экономикалық деңгейді көздейтін мәселелерге екпін қойды. Экономикалық қауіпсіздік, өндіріс экономикасының қорғалуы басты назарға алынып, мұнай мен газға тәуелді болмау керегі аталды. Былтыр сессияда қабылданған Заңға сәйкес енді отбасында тәрбиеленуші балалар қауіпсіздігін қорғау мақсатында әр шаңырақтағы ішкі мәселелерге мемлекет арыз-шағымсыз-ақ араласатын тетіктерді іске қосты. Ұлт денсаулығына қатысты мәселелерде назардан тыс қалмады. Түрлі электронды шылымдар мен ащы суға (ішімдік) тиым салу талаптары күшейтілді. Олардың жарнамасына қатысты өзгерістер енгізілді. Алдымызда 2030 жылға дейін бұқаралық еселеу тапсырмасы тұр. Осы тұрғыда айту керек, ауданымыздағы Достық, Дариян, Көшім, Макаров, Байқоныс, Махамбет ауылдарында спорт кешендерін салуға жер телімдері қарастырылып, қаражат бөлінуде. Бұл кешендерде тек спортзал емес сонымен қатар мәдениет үйі, кітапханада болады. Бұндай нысандардың көптеп салынуы Мемлекет басшысы Жолдауының жергілікті жерде орындалуы деп есептеймін.

Экологиялық мәселеге тоқталатын болсақ, биылдан бастап «Таза Қазақстан» акциясы белсенді түрде өтуде. Десекте тек бұнымен экологиямызды таза сақтай алмаймыз. АЭС-ті салуға рұқсат беру сізбен бізге, келешек ұрпақтың жауапкершілігіне салмақ саларлық, сындарлы қадам, ойлы шешім екені анық. Келісім бермеу басқа АЭС салып дамып, энергия сатып отырған елдерге өмір бойы қарыз болып, тәуелділік құрсауында қалуымыз мүмкін деген сөз. Өздеріңіз білесіздер энергиясыз өмір жоқ. Сондықтан ең тиімді, экологиялық таза, қуаты мол қауіпсіз энергия алу үшін АЭС-ті салу керек пе жоқ па деген мәселені бүгін сіздердің алдарыңызда талқыға шығардық. Зайырлы мемлекет болғандықтан алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Дәл осындай басқосулар Дариян ауылында да ұйымдастырылады,-деді Жеңісгүл Жаңабаева.

Сондай-ақ жиында Переметный ауылының тұрғындары Ақзира Бекмағанбетова, Николай Анципрович АЭС құрылысының маңызы туралы ой қосып, жерлестерін референдумда дауыс беруге шақырды. Халықтық штаб мүшесі Ляззат Майданқызы да еліміздің алдында үлкен саяси кезең күтіп тұрғанын түсіндіріп, бұл тарихи әрі саяси науқанға барлығымыз атсалысуымыз қажет деді.

- Біздер қоғам белсендісі ретінде сіздердің алдарыңызға келіп отырмыз. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауының атауы айтып тұрғандай қоғамдық оптимизм деген осы қоғамда өмір сүріп отырған мына сіз бен біз. Елімізде жыл сайын электр энергиясына деген сұраныс 3% ға өседі. Бүгінгі таңда инфляция тұрақталып, былтырғымен салыстырғанда ең жоғарғы деңгейі 2,5%-ға азайды. Осы сәтті пайдалана отырып еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында экономиканы әртараптандыруға тиістіміз. Айналамыздағы кез-келген тұрмыстық заттар, қолымыздағы телефонның өзіде электр энергияға тәуелді. Ал бұл энергия көзін біз көрші елден сатып аламыз. Бұл мәселе елімізде АЭС салу арқылы ғана шешімін таппақ. 6 қазанда өткелі отырған референдумда барлығыңызды көреміз деген ойдамын,- деді Ляззат Майданқызы.

Салтанат Зұлқарнаева,

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале