Бәйтерек аудандық пробация бөлімінің үйлестіруімен жергілікті атқарушы органдар, уәкілетті және құқық қорғау құрылымдарының қатысуымен мобильді топ рейдтік шара өткізді.

Ол Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен қолға алынған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, құқық бұзушылықтың алдын алу және пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардың қайта қылмыс жасауына жол бермеуді мақсат тұтты.
- Аудандық пробация қызметінің есебінде 30 сотталған азамат есепте тұр. Соның ішінде №1 Бәйтерек аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған Шалғай және Атамекен ауылдарындағы жазасын өтеген азаматтардың қылмысын алдын-алу мақсатында қатаң тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде басқа елді мекенге пробация қызметінің рұқсатынсыз шығып кеткені үшін, жаза өтеу мерзімін қасақана бұзғаны үшін аудандық сотқа материал жолданды, - дейді аудандық пробация қызметінің аға инспекторы, әділет аға лейтенанты Есенжан Ниеталиев.

Шара барысында пробациялық бақылауда тұрған азаматтардың тұрғылықты жерлері тексеріліп, олардың әлеуметтік жағдайы мен құқықтық мәртебесі зерделенді. Сонымен қатар, қылмыс жасауға бейім сотталғандарға қатаң бақылау жүргізіліп, заң талаптары түсіндірілді.
Тәртіп сақшылары пробациялық бақылаудағы тұлғалардың заң талаптарын бұзбауын қадағалап, оларды қайта әлеуметтендіру бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Мұндай шаралар бұрын істі болғандардың жаңа қылмыс жасауына жол бермеуге және қоғамға бейімделуіне ықпал етеді.
Саида Жайық
Жаңақала ауданы