«Өнерім – өмірім» атауымен «Шың» сазды-драма театрында ҚР мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медальінің иегері, дәстүрлі әнші Сағадат Рахметжановтың шығармашылық кеші өтті.
Кеш жүргізушісі мәдениет саласының үздігі Дәулеткерей Құсайынов әншінің өмірбаяны мен шығармашылығын дүйім жұртқа таныстырды.
Атаулы кешке әнші шәкірттері Фархат Оразов, Дастан Есентеміров, Айжан Мұхамбетжанова, Сиғватолла Ешкаев, сондай-ақ «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблі қатысты.
Сахна төрінде Ғарифолла Құрманғалиевтің шығармашылығынан әндер әуелеп, аудан әкімі Марат Тоқжанов келген өнерпаздарға жылы лебізін білдірді.
– Өздеріңіз жақсы білетін, сүйіп тыңдайтын, рухани әлемі жауһар жырға бай Сағадат ағамыздың шығармашылық кешіне қош келдіңіздер! Ғ.Құрманғалиевтің шығармашылығын ұмытпай, жаңғыртып қайта орындап жүрген талантты азамат Сағадат ағамызға мың алғыс. Ізіңізден ерген шәкірттеріңіз көп болсын. Әрбір ұлтты ұлт қылатын – тілі мен өнері. Егерде тіл мен өнерді жоғалтсақ, ұлт ретінде әлемдік деңгейде бізді ешкім танымайды. Сондықтан да тіл мен өнер ғасырдан-ғасырға үздіксіз жетіп, әрдайым егіз ұғымдай бір жүреді. Өнер жолы оңай емес. Шығармашылық адамдарының өнері бағаланып, рухани азық болсе, соның өзі жеткілікті. Қай уақытта болсын маңыздылығы мен қасиетін жоғалтпайтын ұлттық аспабымыз домбыраны ұлықтап жүрген азаматтардың бірі – өзіңізсіз. Біз естімеген, білмеген ән-күйлерді нақышына келтіріп, орындап дүниетанымымызды кеңейттіңіз. Көңілді тербейтін төл өнерімізді дәріптегендеріңізге дән ризамыз. Өздеріңіздей өнер сүйер қауым барда ұлттық құндылығымыз өз қасиетін жоғалтпайды, - дейді аудан әкімі Марат Тоқжанов.
Кеште орындалған Ғ.Құрманғалиевтің «Әнші дауысы», «Әртіс монологы», «Терме», «Сүгірдің термесі», халық әні «Айжан-ай», «Тілеуаға» Мұхиттың әні «Үлкен Айдай» сында тамаша туындылар көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы