Бәйтерек ауданы орталығында шағын футболдан жастар арасында мекемеаралық жарыс өтті. Бұқаралық спортты дамытып, өскелең ұрпақтың спортқа, соның ішінде футболға деген қызығушылығын арттыру мақсатында оздырылған аяқдоп бәсекесіне сегіз команда қатысты.
Жарыс ережесіне сай алдымен командалар екі топқа бөлініп, жартылай финал жолдамасын сарапқа салды. Қорытындысында аудандық полиция бөлімі, №24 өрт сөндіру бекеті, аудандық ветеринарлық станса және Жұбан молда мешітінің жамағаты командалары келесі кезеңге жолдама иеленді.
Алғаш болып өз тобында екінші орынға ие болған Жұбан молда мешітінің жамағаты мен ветеринарлық станса командалары үшінші орын жүлдесін сарапқа салды. Тартысқа толы болған матч ветеринарлардың жеңісімен аяқталды.
Ал финалда аудандық жарыстардың фавориттері саналатын полиция бөлімі мен өрт сөндірушілердің командалары жолықты. Осы кезге дейін талай футбол додасының алды болып келген өрт сөндірушілер ұжымының бұл жарыста жолы болмады. Осыған дейінгі қателіктерінен нәтиже шығара білген полицейлер қарсыластарын ойсырата жеңіп, турнир жеңімпазы атанды.
Футболшылардың жарысын тамашалауға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев әр ойыншыға алғысын білдіріп, көптен бері алаңға шықпаған футболшыларға сәттілік тіледі.
-Жаман ауру елге жайылғалы спортшыларымыз додаға түспей кеткен-ді. Биыл тойланатын ұлық мереке - ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудан жастарының басын біріктіріп, осы жарысты ұйымдастырудың сәті түсті. Өздеріңіздей спортшы жастар саны артып, ел мерейі асқақтай берсін,- деді Е.Бисақаев.
Сондай-ақ Ерікқали Ғұмарұлы осы күні елімізде спортты дамыту мақсатында талай іс атқарылғанын, сонымен қатар Переметный мен Дариян ауылдарындағы стадиондар жөнделіп, Январцев ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынатынын атап өтті.
Жастардың өзара достық қарым-қатынасын нығайтып, спортқа деген қызығушылығын арттырған жарыстар көбейе бергей.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz