16.07.2021, 18:25
Оқылды: 65

Бәйтеректе тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылды

Бәйтерек аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел ішінде «Хафиз» қонысы атанып кеткен тарихи орынға танымдық экспедиция ұйымдастырды.

815EC966-523F-4516-A0C0-DA3E320A346B

Аудандағы жастар саясатын іске асыруды қолға алған «ЖасДэм» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жүзеге асырылған жорыққа аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, аудандық мәслихат депутаты Нұрлыбек Хайруллин, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Жанар Губашева белсенді жастар мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары қатысты.

3A10F693-3935-41B6-BEB1-042CB23075C2

Аудан атын көпке әйгілеген тұрғындары мен тумаларын, тарихи мұраларын танымал ету, көрікті жерлерге өлкетану экспедицияларын өткізу, ауданның қасиетті жерлерін абаттандыру және ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттау жобаларын іске асыру мақсатында оздырылған жорық көптің көңілінен шықты.

Экспедиция қатысушылары алдымен теңіз деңгейінен 191 метр биіктікте жатқан Сололов төбесіне тоқтады. Айналасын егін мен шүйгін шөпке бөккен қыр алыстан көз тартады. Бүгінде бос қалған Соколовка ауылынан батысқа қарай үш шақырым жерде орналасқан төбе ауданның ең биік нүктесі саналады. Ол жерге жастар ту тікті.

-Бүгінгі танымдық экспедициясының жастар үшін берері мол. Ел болып, етек-жеңімізді жиып, тарихымызды түгендеген шақта өткенімізге көз жүгіртіп, ертеңімізді жоспарлағанымыз жөн. Тарихымыздағы ақтаңдақтарды жою да сіз бен біздің қасиетті борышымыз. Бейбіт жатқан қазақ елінің берекесін арттырып, еңсесін тіктейтін жастар. Осы кезге дейін белгісіз болып келген тарихымызды танытып жатқан шара ұйымдастырушыларына алғысымыз шексіз,- деді Сололов төбесіне арнайы келіп, ту тігу рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

Кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр сөз алып, туған жердің табиғатын тану, тарихын түгендеу, ауданның биік нүктелері мен табиғи орындарын хатқа түсіріп, жинақтау жұмыстарының қалай жүргендігін айтып өтті.

Кейін төбе басына көк ту тігілді. Оны аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев пен Егіндібұлақ ауылының мақтанышы Дильназ Исмагулова жүргізді.

Шара соңында жастар ту тігу челленджін өңіріміздің басқа аудандарына жолдады. Патриоттық сезімімізді арттырып, елдігімізді танытатын бастама қолдау табады деген үміттеміз.

Соколов шыңына ту тіккен соң экспедиция Егіндібұлақ ауылы маңындағы Байрақты орман алқабына кірді. Қызыл кітапқа енген бірнеше ағаш және өсімдік түрі өсетін алқап 400 гектар жерді алып жатыр. Кең дала ортасындағы оазистей болған шағын орман облысымызда тек Бәйтерек ауданында ғана бар. ол жерден жабайы шие, көктерек және басқа ағаштарды кезіктіруге болады. Өкінішке орай қараусыз қалған ерекше табиғи орын ішін осы күні мал таптап, бұлақ көздері бітеле келген. Орман туралы деректермен экспедиция мүшелерін таныстырған балалар туризмі орталығының маманы Ольга Субботина құс пен аңның да бірнеше түріне мекен болған алқапты құтқару керек екенін атап өтті.

Одан соң «Жасыл ел» сарбаздары Хафиз қауымы маңындағы бұлақ көздерін ашты.

Танымды шара соңында Егіндібұлақ ауылының тұрғыны Айболат Сидагалиев экспедиция мүшелерін өлке тарихымен, әсіресе «Хафиз» қауымы атылып кеткен орын туралы әңгімелеп берді.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале