Барша түркі халықтарына тән, тамыры тереңге бойлаған Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Бәйтерек аудандық Достық үйі жанынан құрылған «Шатлық» татар этно-мәдени бірлестігі ауыл ақсақалдарын мерекемен құттықтады.
Бірлестік мүшелері алдымен Переметный ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Николай Анципрович пен жұбайы Амина Габдулгалиевнаның шаңырағына барып, көктемгі көңіл-күй сыйлап, шағын сыйлықтарын табыстады. Жүрек жарды тілектерін айтып, татар халқының ұлттық әндерін шырқады.
Өздеріне көрсетіліп жатырған бұндай құрметке риза болған ардагерлер алғыстарын айтып, барша елдегі береке-бірлік, татулық пен бейбітшіліктің мәңгі болсын деген тілектерін білдірді. Сондай-ақ «Шатлық» этно-мәдени бірлестігіне табыс тіледі.
- Түркі халықтары үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мереке. Берекенің арқауы болған ұлы мейрам қарсаңында ауданымыздың сыйлы тұлғаларын құттықтай келдік. Амандық білісіп, ән шырқап, көңілдерін көтеруге тырыстық. Ақыл айтар аға буын өкілдері ортамызда аман отырса, соның өзі қуаныш. Жастарымыз олардың ақ баталарын алып жүре берсе екен дейміз. Наурыз мерекесі Отанымызға бақ-береке, халқымызға игілік, мемлекетімізге молшылық ала келсін! - дейді бірлестік жетекшісі Екатерина Федорова.
Аружан Аманжол,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz