Янайкин ауылында 100-ден аса келін бар. Бәрі ұйымшыл, елге болсын деп жүреді. Әсіресе олардың арасынан суырлып шыққан он шақтысын ауыл тұрғындары ауыз екі тілде үздік келіндер деп атайды. Ауылда өтетін іс-шаралардың басы-қасында да негізінен солар жүреді.
Үздік келіндер референдумннан да тыс қалмай, ала таңнан референдум учаскелеріне келіп, шашу шашып, өздері пісіріп, дайындап алып келген бауырсақ пен ақтан дауыс беруге келгендерге ұсынды. Өздері де дауыстарын беріп, таңдауларын жасады.
Үздік келіндерге жетекшілік жасап жүрген Мая Арыстанованың сөзіне қарағанда, олар 2022 жылдан бері бірігіп, топтасып жүр. Арасында көп балалы аналар, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, өнерпаздар да бар. Қайда барса да олар қиналған жандарға демеу беріп, айналаны шаттыққа бөлеуде.
– Мемлекет басшысы референдум өтетіндігін жариялағанда біз дауысымызды береміз деп шештік. Сол себепті референдум учаскесіне арнайы келдік. Біз еркін ойлай алатын, өзіндік ой-пікірі бар халықтың ұрпағы болғаннан соң таңдауымызды жасадық. Жалпы елін сүйген, мемлекетінің болашағын ойлайтын барша азамат осындай маңызды саяси шаралардан қалыс қалмауы керек деп есептейміз, - дейді янайкиндік үздік келіндер.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы