Бәйтерек ауданы Дариян ауылында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Аурухана кубогі – 2021» атты волейбол турнирі өтті. № 2 аудандық аурухананың ұйытқы болуымен, ауылдық округтің қолдауымен оздырылған әуе доп жарысына мекеме, ұйым қызметкерлері мен ауыл жастарынан құралған командалар қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Кәкенов пен №2 аудандық аурухананың директоры Ғабитжан Ислямов сайысқа қатысушыларды мерекемен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.
Сайыс барысында ойыншылар әр ұпай үшін қызу таласып, командасының намысы үшін аянып қалмады. Тартысты өткен турнир нәтижесінде үшінші орын Дарьинск мектебіне, екінші орын №2 аудандық аурухана қызметкерлеріне бұйырса, Дариян ауылдық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының командасы жарыс жеңімпазы атанды.
Жеңімпаз команда мен жүлдегерлерге кубок пен алғысхаттар табысталды.