7.12.2020, 16:51
Оқылды: 24

Бәйтеректе зейнеткер-волонтерлар көпбалалы отбасыларға көмектесіп жүр

Переметныйлық еңбек ардагері Николай Антонович Анципрович пен жары Амина Габдулгалиевна зейнетақы алған күні үйіне емес, өздерін күткен жандарға асығады. Өйткені олар аудан орталығында тұратын бес көпбалалы отбасыға екі жылдан бері көмек көрсетіп келеді. C13AE2CC-3EB4-49EB-BB9B-38854E54DAA4

Қашан көрсең жылы қабақ танытып, айналасындағыларға мейірімі мен шапағатын төгіп жүретін зейнеткерлер жақсылығын еш жерге жария еткісі келмеді. Өйткені оң қолың бергенді, сол қолың білмесін деген ұстанымда. Зейнеткер волонтерлардың бұл ісі жайында жақынымыздан естіп, олар туралы газетке мақала шығармақ ниетіміз барын айтқанда көпке дейін келіспеді. Тек бірнеше күн сөйлескен соң ғана келісім берді.

Айтуларынша, аудан орталығындағы мұқтаж жандарға көмек көрсету туралы ойды Николай  Антонович тастапты. Алғашында Амина әжей келіспегенімен алғашқы отбасыға көмек бергеннен кейін өзі де волонтерлық іске бел шеше кірісіп кеткен.

-Жұбайым екеуміз қандай да бір іс бастасақ ақылдасамыз. Мұқтаж ауылдастарына көмектескісі келетінін айтқанда келісімімді бермеген едім. Николай барлығын түсіндіріп, жақсылық жасауға үгіттеді. Мені көпбалалы отбасының үйіне алып барып, олардың шын мұқтаж екендерін көрсетті. Содан бері екі жыл өтті. Аудан орталығындағы бес отбасын ай сайын қажетті азық-түлікпен қамтып отырмыз,- дейді Амина әже.

Өмір бойы ұстаздық қызметте болған Николай атамыз ауылдастары арасына беделді, сөзі өтетін жан. Өзі қырық жылдан астам қызмет еткен Қаражар ауылына газ өткізуге де тигізген үлесі бар. Қоғамдық шараларға да белсенді араласатын қария ауданның саяси-экономикалық ахуалымен де жақсы таныс. Үнемі ел ішінде, қайнаған ортада жүретін ол аудан орталығындағы отбасылардың көбін таниды және жағдайларын біледі.

-Аспанымыз ашық, еліміз тыныш. Зейнетақымыз уақтылы келіп түсіп тұр. Балаларымыз да аяқтанды. Сол себепті осындай істі бастауға бел байладым. Ақша уақытша, ал балалардың қуанышы – мәңгілік. «Жақсылық жасасаң, балаға жаса» дейді қазақ мақалы. Ең маңыздысы ел болашағы саналатын балаларымыз аман болып, қызықты шақтары молшылықта өтсе екен,- дейді Николай ата.

Биылғы жылдың басты ұрандарының біріне айналған «Қайырымдылық жас талғамайды» сөзінің рас екеніне переметныйлық зейнеткерлердің ісіне қарап көзіміз жетті. Игі істің бастаушысы болған, жаны жылулыққа толы ақсақал мен оның жұбайының ерлікке пара-пар ісі көпке үлгі.

Жақсылық пен ізгі істің жалғастырушысы іспеттес болған Еріктілер жылында жанашырлықтың нағыз  белгісін көрсеткен осындай жандар көп болғай.

Аружан Аманжол, 

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале