Бәйтерек ауданындағы ірі ауылдарда мәдениет үйі тапшы. Оған тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы жекешелендірудің салдары әсер еткен. Ауылдан кітапханаға да жөнді орын табу қиын. Спорт зал тағы жоқ. Бұл олқылықтардың орнын толтыру мақсатында аудан басшылығы жаңа жобаны қолға алды. Сөйтіп осы үш саланың басын бір арнаға тоғыстыратын ғимарат салуға ден қойды.

Былтыр Щапов ауылында сондай алғашқы нысанның іргетасы құйылған еді. Міне, ақжарылқап күн туып, концерт пен спорт залдары және кітапханасы бар ғимараттың құрылысы аяқталып, есігін айқара ашты.

- Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының атынан ауылда мынадай тамаша мәдени-спорттық кешеннің ашылуымен құттықтаймын! Бұл жай ғана ғимарат емес, ауыл мәдениетінің дамуына, ауылдағы ағайынның, соның ішінде жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін артуына, салуатты өмір салтын ұстануына үлкен ықпалын тигізетін қасиетті орын болары сөзсіз. Мемлекет басшысы өз Жолдауларында мәдениет саласына ерекше көңіл аударып келеді. Президент тапсырмаларының жергілікті жерде жүзеге асып жатқандығының бір дәлелі –ауылды өркендетуге үлесін қосар осындай киелі ғимараттардың бойкөтеруі. Соңғы үш жыл ішінде облысымызда 11 мәденит үйі мен мәдени-спорттық кешен пайдалануға берілді. Биыл бұл бағыттағы 7 нысанның құрылысы жүруде. Оның төртеуі жыл соңына дейін ашылады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, БҚО әкімдігінің қолдауымен облысымызда 25 ауыл кітапханасына жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Олардың арасында Бәйтерек ауданың кітапханалары, соның ішінде осы Щаповтағы кітапхана да бар. Ауылдың жас тұрғындары осы кітапханадан ғибыратты ілім-білім алып, мұндағы үйірмелерге қатысып, өнерді жанына серік етіп, спортпен шұғылданып, шымыр болып, болашақта ел тізгінін ұстар мықты азамат ретінде қалыптасарына сенім мол,-деген облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз өңір басшысының атынан құны 3 млн теңге тұратын лэд-экранды мәдени-спорттық кешенге тарту етті.

Жаңа нысанның символық кілті табысталып, лента қиылған соң қонақтар мен ауыл тұрғындары мәдени-спорттық кешенді аралап, кітапхана оқырмандарының шығармашылығымен танысып, жергілікті өнерпаздардың ән-күйлерін тыңдап, билерін көріп, спортшылардың ойындарын тамашалады.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
