4.05.2021, 9:32
Оқылды: 74

Бәйтеректе жаңа саябақтың іргесі қаланды

Ел ішіндегі бірлік пен берекені арттыруға, ауыл ахуалын жақсартуға кәсіпкерлер де өз үлесін қосып келеді. Қолында барын жұртына беріп, ауыл үшін қолынан келген көмегін аямайтын кәсіпкер, белгілі меценат Мұрат Жәкібаев кәсібін жүргізіп отырған Белес ауылының ортасына саябақ орнатты.

 IMG_20210503_204958_453

Кәсіпкердің ісі аудан, ауыл әкімдігінен де қолдау тапты. Игі істі жүзеге асыруға Мұрат Орынбайұлы басқаратын «БелесАгро» ЖШС қызметкерлері мен ауыл тұрғындары атсалысты. Жалпы жаңа саябаққа белестік ағайын 115 пирамидальды тополь ағашын отырғызды.

Белестегі жақсылықты жұртпен бірге бөлісуге аудан әкімі Марат Тоқжанов та келді. Ол да жаңа саябақ ішіне көшет отырғызып, елмен бірдей еңбек етті.

IMG_20210503_204958_467

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жерге ту тігіп, ауылды гүлдендіруді міндеттеген болатын. Бүгінгі таңда жергілікті кәсіпкерлер ауылдық жерге көмегін аяп жатқан жоқ. Атымтай жомарт азаматтардың қатары көбеюде. Солардың бірі – жаңа саябақтың іргесін қалаған Мұрат Жәкібаев. Оған өз атымнан ерекше алғысымды білдіремін. Бүгін саябақтың айналасын қоршап, талын егумен жұмыс бітпейді. Енді осы орынды ел болып күтіп-баптаумыз керек. Өйткені ол – болашақ үшін жасалған жұмыс. Ауызбіршілік танытып, игі істі бір адамдай атқарғандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін, - деді аудан басшысы М.Тоқжанов.

IMG_20210503_204958_494

Одан соң  ауыл ақсақалы Бекен Сәкенов сөз алып, Мұрат Орынбайұлы мен ағаш егуге атсалысқан ауылдастарына ерекше алғысын жеткізді.

Саябақтың іргесін қалап, ауылына қуаныш сыйлаған меценат Мұрат Жәкібаев болашақта аталған орынға шырша, қайың сияқты ағаштарды отырғызып, ортасына өрнектас төсемекші.

Жаңа саябақтағы ағаштарды суарып тұру үшін ауыл маңынан аққан Деркөл өзенінен су тарту ісін тезірек қолға алу қажет.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале