8.01.2026, 17:45
Оқылды: 239

Бәйтеректе жеке инвестиция 84,7 млрд теңгеге жетті

Өткен жыл Бәйтерек ауданы үшін жақсы жыл болды. ҚР Президенті, Үкімет, облысы басшылығы тарапынан берілген тапсырмалар орындалды. 2025 жылы бюджетке байланысты қиындықтар болмай қалған жоқ. Дегенмен де алға қойған жоспарлар жүзеге асты. Батыс Қазақстан облысының да міндеттері өз деңгейінде орындауына Бәйтерек ауданы айтарлықтай үлесін қосты.

IMG-20260107-WA0009

Бұл туралы аудан әкімі Марат Тоқжанов бәйтеректік аға буын өкілдерімен жүздесуі кезінде мәлімдеді. Жылдағы дәстүрге сай Жаңа жыл мерекесінен кейін аудан басшылығы әр жылдары түрлі салада белжазбастан еңбек етіп, аудан-ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосқан еңбек ардагерлеріне арнап дастархан жайды.

Аудан орталығында болған осындай беймарал отырысты ашқан Марат Лұқпанұлы бұл жолы да сөзін аға буын өкілдеріне деген алғыс айтудан бастап, Бәйтеректің бақуатты тірлігінің басында еңбек ардагерлері тұрғанын атап өтті.

- Мемлекет басшысы  аудан-ауылды өркендету үшін жеке  инвестицияны көптеп тартуды тапсырды. Соған орай ауылдық жерге туын тігуге дайын азаматтарды тауып, олармен бірлесе жұмыс істеуді бастап кеттік. Нәтижесі жаман емес. Мәселен, 2025 жылы ауданымыз 53,8 млрд теңге жеке инвестиция тарту керек еді. Біз оны асыра орындап, 84,7 млрд теңгеге жеткіздік! Сөйтіп облысымыздың да бұл бағыттағы көрсеткішінің жақсаруына оң әсерімізді тигіздік. Айта кетейін, жеке инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша республика көлемінде Батыс Қазақстан облысы 3-орында тұр. Мұндай жетістікке жетуге осында отырған аға-апаларымыздың ауданымызда, облысымыздың көлемінде түрлі салада еңбек етіп жүрген перзенттерінің де қосқан үлесі көп. Осындай ұл-қыз, немере-жиен тәрбиелеп өсірген сіздерге де айтар алғысымыз зор. Жаңа басталып жатқан 2026 жыл құтты болсын! Халқымыз үшін жылқы жылы жақсы жыл саналады. Жылымыз жақсылыққа толы болсын, - деді өз сөзінде аудан басшысы.

IMG-20260107-WA0011

Аға буын өкілдерінің арасынан бірінші болып сөз алған мемлекеттік қызмет саласының ардагері, ғұмырының отыз жылын ауданға арнаған, Бәйтерек ауданының құрметті азаматы Қадырбай Абдушевтың айтуынша, облыс әкімдерінің былтырғы рейтингісінде өңір басшысы үздік жетілікке кіреді, ал облыста Бәйтеректің орны тіптен ерек. Басқаны айтпағанда, бір ғана жеке инвестиция тартудың өзі Тоқжановтың командасының осал еместігін көрсетіп тұр.

IMG-20260107-WA0026 (1)

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешевпен бірге, білім саласының ардагерлері Валентина Леонтьева, Әсия Қайдашева мемлекет, облыс, аудан басшылығы ұстанып отырған сындарлы саясатқа тоқталып, бәйтеректіктердің білім беру ісіндегі жетістіктерін де айтып өтті.

IMG-20260107-WA0019 (1)

IMG-20260107-WA0025

Кезінде ауданда азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында атқарылған ауқымды жұмыстарды шолып өткен ішкі істер органдарының ардагерлері Нұрболат Қажекенов пен Михайл Золотовтар өздерін ұмытпай қызмет көрсетіп жатқан аудан басшылығына ризашылықтарын жеткізді.

IMG-20260107-WA0021

Ауданның түкпір-түкпіріндегі ауылдардан келген, түрлі салада еңбек еткен еңбек ардагерлері өздері жұмыс істеген, қазір тұрып жатқан ауылдық округтегі тұрмыс сапасының жақсарғандығы, жаңадан салынған әлеуметтік нысандар, тұрғындардың, соның ішінде жастардың, бүлдіршіндердің солардың игілігін көріп жатқаны туралы  қуанышпен айтып шықты. Содан соң олар ән салып, би билеп, өнерлерін ортаға салып, бір серпіліп қалды.

Кеш соңында жиналғандарға аудан әкімінің атынан жаңа жылдық сыйлықтар табысталды.

Қуаныш Қали,

Бәйтерек ауданы

Адам Имашев, Бәйтерек ауданының құрметті азаматы, Белес ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы:  

- Аудан әкімі әрдайым аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп жүреді. Осындай басқосуларды ұйымдастырып тұрады. Мереке-мейрамдармен құттықтау хаттарын жолдап отырады. Мәселен, өткен жылдың соңында осындай хатты ауыл әкімі үйге арнайы келіп табыстап кетті. Оның бәріне біз қуанып қаламыз.

Мен 17 жылға жуық Белес ауылдық округінің әкімі болып еңбек еттім. Ол кездер, яғни 2002-2017 жылдар аралығында да оңай болған жоқ. Қолымыздан келгенше еңбек еттіп, жетпеген нәрселерді кәсіпкерлердің, шаруа қожалықтарының көмегімен алып, елдің игілігіне жұмсадық. Бүгінде ауыл тұрғындары да осынау ісімізді ұмытпау құрмет көрсетіп жүргеніне риза боламыз. Иә, ол уақыттарда көп мүмкіндік болған жоқ. Қазіргі мемқызметкерлерге, ауыл әкімдеріне қызыға да қызғана қарайтынымыз өтірік емес.

Кезінде біздің ауданды басқарған Табылғали Сапаров деген досымның айтқаны бар еді. «Бәйтеректің экономикасы шатқаятап тұрған кезде, ол жанымызға батып жүрген шақта ауданға Марат Тоқжановтың әкім болып келуі жанымызға үміт сыйлады. Шебер басқара білудің арқасында көп нәрсе орнына қойылып, шаруа түзелді, сенім ақталды. Аудан экономикасының тасы қайта өрге домалай бастады» деген болатын. Бұған біздің алып қосарымыз жоқ. Мұны жерлестеріміз сезініп жатқаны айқын.

Айнагүл Жайлиева, Переметный ауылының тұрғыны:

- Осыдан жиырма жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келген едік. Содан бері Переметныйда тұрамыз. Жиырма жылдай аудандық балабақшада тәрбиеші болып еңбек еттім. Бөбекжайдан зейнеткерлікке шықтым. Мұндай іс-шара алғаш рет қатыстым. Жақсы әсер алдым. Кезінде бірге еңбек еткен түрлі саладағы әріптестерімді көріп те қуанып қалдым. Біздің азды-көпті еңбегімізді елеп шақырған үшін аудан әкіміне, аудан әкімі аппаратына аналық жүректен алғысымды айтамын. Жаңа жылымыз берекелі болсын! Ауданымыздың асығы алшынан түсе берсін! Азаматтарымыз аман болсын!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале